Дариға Назарбаеваның бұрынғы ұшағын сатып алғандардың басы бәлеге қалды

Дариға Назарбаеваның бұрынғы ұшағын сатып алғандардың басы бәлеге қалды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Словакияның Қорғаныс министрлігі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға бұрын тиесілі болған ұшақты сатып алуға байланысты дауға қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды.

Басылымның мәліметінше, Словакия Қорғаныс министрлігі 2024 жылдың соңында бұрын пайдаланылған екі Bombardier Global 5000 бизнес-ұшағын $48 млн-ға сатып алған. Кейін мәміле кезінде елдің мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, ұшақтарды сатқан АҚШ-тың Флорида штатындағы United Wings International компаниясы келісім жасалған кезде Словакияның мемлекеттік сектор серіктестері тізілімінде тіркелмеген.

Словакия заңнамасы бойынша, мемлекет түпкілікті иелері осы тізілімде көрсетілмеген компаниялармен ірі келісімшарт жасай алмайды.

Бұған қоса, екі ұшақ міндетті тендер өткізілмей сатып алынған.

Қорғаныс министрлігі мұны ұшақтарды шұғыл сатып алу қажеттілігімен түсіндірген. Алайда Словакияның Мемлекеттік сатып алулар басқармасы бұл уәжді қабылдамай, ведомствоға өз тарихындағы рекордтық €1,7 млн айыппұл салған.

Словакияның қорғаныс министрі, премьер-министр Роберт Фицоның орынбасары Роберт Калиняк бұл шешіммен келіспей отыр.

2026 жылдың тамызында министрлік айыппұлға шағым түсіргенімен, апелляцияны қарау нәтижесінде реттеушінің ұстанымы өзгермеген. Жыл соңына дейін санкцияларға қатысты түпкілікті шешім қабылдануы тиіс.

Дариға Назарбаеваның ұшағы Словакияға қалай жеткен?

«Выход к морю» арнасының жазуынша, Словакия сатып алған Bombardier ұшақтарының бірі бұрын Дариға Назарбаеваға тиесілі болған.

Әңгіме қазіргі тіркеу нөмірі 9H-AVA болатын әуе кемесі туралы болып отыр. Бұрын бұл ұшақ M-DANK нөмірімен тіркелген.

Ұшақ Британ Виргин аралдарында тіркелген Triumph Aviation Inc компаниясына тиесілі болған. Басылым бұл компанияны Дариға Назарбаевамен байланыстырады.

2018 жылы әуе кемесі Мальтада қайта тіркеліп, бастапқыда Назарбаевамен байланысы болған Maleth Aero компаниясына өткен.

Аталған компанияның директорларының арасында Қазақстан азаматы Виктор Нам болған.

Ал Мальтаның сауда тізілімінен тараған мәліметтерге сәйкес, компанияның ресми негізін қалаушысы әрі ортақ иелерінің бірі Ұлыбритания азаматы Майкл О’Брайен болған. Ол Maleth Aero компаниясының Қазақстандағы өкілдігін де басқарған.

Кейін компанияның екінші акционеріне Бермуд аралдарында тіркелген, Гонконгтағы Frontier Services Group Limited холдингінің бас құрылымы айналған. Бұл холдингті Blackwater жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Эрик Принс пен Қытайдың CITIC Group мемлекеттік корпорациясы құрған.

2021 жылы Maleth Aero активтерін америкалық AELF лизингтік тобы сатып алған.

Алайда иелері ауысқаннан кейін де 9H-AVA ұшағы 2025 жылдың көктеміне дейін Қазақстаннан Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне ұшып жүрген.

2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде осы ұшақтың да аты аталған. Сол кезде бірқатар әуе кемесі Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерін шетелге алып кетуі мүмкін деген ақпарат тараған еді.

Ал 2025 жылдың маусымында Дариға Назарбаеваға бұрын тиесілі болған ұшақ ресми түрде Словакияның Әскери-әуе күштері құрамына енгізілген.

Ұшақтың бұрынғы иесі де қиындыққа тап болған

Басылымның мәліметінше, ұшақ сатылғаннан кейін Maleth Aero компаниясының да жұмысына қатысты мәселелер туындаған.

2025 жылдың тамызында Канада компанияның өз аумағында чартерлік рейстер орындау лицензиясын уақытша тоқтатқан.

Ал 2026 жылдың көктемінде Мальтаның азаматтық авиация басқармасы Maleth Aero компаниясының әуе кемелерін пайдалану сертификатын толықтай қайтарып алған. Бұған жиналған қарыздар мен заң талаптарын сақтау мәселелері себеп болған.

Словакияда да екі бизнес-ұшақты сатып алу мәселесі саяси дау туғызған. Оппозиция қорғаныс саласындағы бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуын сынап отыр.

Ал Қорғаныс министрлігі мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзғаны үшін салынған €1,7 млн айыппұлдың күшін жоюға әрекеттеніп жатыр.

Айта кетейік, «Выход к морю» арнасы экс-министрдің күйеу баласы яхтасын 2,4 миллиард теңгеге сатқанын жазған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу