Есірткімен «күрескен» Асқар Жетігеновтің ісі қайта қаралып жатыр
Алматыда есірткі өндірушілерге қамқорлық жасады деген айыппен 18 жылға сотталған бұрынғы полиция подполковнигі Асқар Жетігеновтің ісі апелляциялық сотта қарала бастады. Онымен бірге сотталған тағы 11 адамның жетеуі де үкімге шағым түсірген, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы қалалық сотында апелляциялық істің алдын ала отырысы өтті. Бұған дейін ауданаралық сот 12 адамды кінәлі деп танып, 2 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырған. Олардың үшеуі бұрынғы полиция қызметкері.
Істегі басты сотталушылардың бірі Асқар Жетігенов бұрын есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Оның әпкесі Гүлнәр Жетігенова бауырына тағылған айыптарды мойындамайды. Ол тергеу дұрыс жүргізілмегенін және сот үкімінде сәйкессіздіктер бар екенін мәлімдеді.
«Бұл – өте ауыр баптар. Мен бауырымның кінәсіз екеніне толық сенімдімін. Мұны оның әпкесі ретінде ғана емес, қорғаушысы ретінде де мәлімдеймін. Менің бауырым заңсыз сотталды. Осыған байланысты біз барлық эпизод пен бап бойынша бірқатар өтінішхат бердік. Біздің қолымыздағы үкім 309 беттен тұрады, ал қазір Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отырған бауырым Асқарға берілген үкім 291 беттен тұрады», – деді Гүлнәр Жетігенова.
Қылмыстық іс шамамен екі жыл бұрын басталған. Жетігенов алдымен аттестаттаудан өте алмағандықтан полициядағы қызметінен босатылған. Арада екі ай өткен соң, есірткі өндіретін қылмыстық топ құрды деген күдікпен қамауға алынған.
Алайда қорғаушылар сотталғандардың бір-бірімен байланысы дәлелденбегенін алға тартып отыр. Олардың айтуынша, қылмыстық топ құрды деген адамдардың кейбірі бір-бірін мүлде танымаған.
Заңгер Айман Омарова тергеу материалдарында айыпты растайтын нақты дәлелдер жеткіліксіз деп есептейді.
«Материалдардың ішінде нақты дәлел жоқ. Бір-бірін танымайтын адамдарды топтасып қылмыс жасады деп біріктіріп қойған. Олардың арасында беттестіру де жүргізілмеген. Менің ойымша, бұл – кінәсіз адам. Сот не үшін осындай қорытындыға келді? Үкімнің осы тұсы әлсіз, дәлелдер жоқ», – деді Айман Омарова.
Апелляциялық сот алқасы қорғаушылардың өтінішхаттарын назарға алды. Алайда сот тергеуін қайта бастау туралы шешім әзірге қабылданған жоқ.
Сот отырысында сотталғандардың әзірге процеске қатыстырылмайтыны да айтылды. Себебі олардың жазасын ауырлату мәселесі қаралып жатқан жоқ. Егер сот тергеуін қайта бастау туралы шешім қабылданса, сотталғандардың қатысуы міндетті болады.
Айта кетейік, жақында Алматыда есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бұрынғы және қазіргі қызметкерлері ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Соңғы жаңалықтар