ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» басшылары ұсталғаны хабарланды
Астанада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарауда, деп хабарлайды Politico.kz.
Centralmedia24.kz басылымы анонимді Telegram-арнадан алынған ақпаратқа сүйеніп, Елжас Отыншиевті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері ұстағанын жазды.
Дереккөздің мәліметінше, Отыншиев Астанадағы «Танжир» лаунж-барында қылмыс үстінде ұсталған.
Осы ақпарат тараған тұста әлеуметтік желілерде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында болған күмәнді оқиғаның бейнежазбасы пайда болды.
Онда белгісіз адамдардың ғимарат терезесінен ақша толы чемоданды лақтырғаны айтылады. Жерде шашылған банкноттар АҚШ долларына ұқсайды. Ақшаның жанында арнайы киім киген адамдар тұрғанын көруге болады. Әлеуметтік желілерде бұл оқиға пара алды деген күдікке ілінген жоғары лауазымды тұлғаларды ұстаумен байланысты болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Сонымен қатар 100Baksov әлеуметтік желідегі парақшасы «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың да ұсталғанын хабарлады.
Politico.kz ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін ҚТЖ мен ҰҚК-ге сауал жолдады. Әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми растау жоқ.
Соңғы жаңалықтар