Еліміздегі жезөкшелерден ақша жинаған өзбекстандық әйел Қазақстанға жеткізілді

Еліміздегі жезөкшелерден ақша жинаған өзбекстандық әйел Қазақстанға жеткізілді
Фото: ашық дереккөз

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жеңгетайлықпен айналысты деген күдікке ілінген өзбекстандық әйел Грузиядан Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Экстрадициялау жұмыстарын Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырған. Күдікті ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және жеңгетайлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

Тергеу мәліметінше, ұсталған әйел сыбайластарымен бірге жезөкшелікпен айналысатын және интимдік сипаттағы қызмет көрсететін тұлғалардан қаражат жинап отырған. Нақтырақ айтқанда, олар «Kyzdar.net» интернет-ресурсында жарияланған сауалнамалардың шотын толықтыруға өтінімдер қабылдап, аталған қызметтерді жарнамалаумен және ілгерілетумен айналысқан.

Қылмыстық топ мүшелері түскен қаражаттан өздерінің комиссиялық сыйақысын ұстап қалып, қалған соманы сайт иелері мен әкімшілеріне аударып отырған. Осы арқылы олар заңсыз бизнестің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.

Айта кетейік, бұл қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал тергеуден жасырынып үлгерген өзге сыбайластарына, соның ішінде аталған әйелге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Күдікті биылғы шілде айында Грузия аумағында қолға түсіп, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстан тарапына берілді.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Тағылған айыптар бойынша күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу