Жұмыс іздеп, соғысқа тап бола жаздаған жігіттер елге оралды (ВИДЕО)

Жұмыс іздеп, соғысқа тап бола жаздаған жігіттер елге оралды (ВИДЕО)
Коллаж Politico.kz

Ресейге жұмыс істеуге барып, соғысқа жіберілу қаупіне тап болған қазақстандық жігіттер елге қайтарылды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Politico.kz.

«Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Көңіл толқығанда не айтарыңды да білмей қалады екенсің...

Ең алдымен Аллаға , Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің осы істе ат салысқан әрбір өкіліне және осы балалардың елге аман-есен оралуына титтейде себепші болған барша азаматтарға ата-аналардың атынан және өз атымнан шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл

Бұл — жай ғана қайту емес. Бұл — ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, баланың, қазақстан азаматтарының елге оралуы.

Осы балалардың әрқайсысы бүгін өз жерінде, өз елінде, өз ата-анасының жанында болуы үшін еңбек еткен барша азаматтарға мың алғыс!

Кейде ризашылықты сөзбен жеткізу мүмкін емес екен...

Жүректе тек қуаныш.

Жүректе тек шүкіршілік.

Жүректе тек алғыс.

Алла баршаңызға разы болсын!», – деп жазды Шекеев.

Заңгер жариялаған бейнеде әуежайға оралған жігіттерді туыстары қарсы алып жатқаны көрінеді. Олардың арасында бұл жағдай туралы алғаш болып хабарлаған Айнабек Жалғасбекұлы да бар. Жақындары оны құшақтап, көз жасына ерік берген.

Бұған дейін Мейірман Шекеев алғашқы 13 қазақстандықтың әскери міндеттен босатылғанын хабарлаған. Оның айтуынша, жігіттердің елге оралуына ешқандай құқықтық кедергі қалмаған.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейге жұмыс іздеп барған қазақстандықтардың үндеулері тараған еді. Олар уәде етілген жұмыстың орнына өздерін соғысқа жібермек болғанын айтқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу