Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот басталды
Бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында белгілі қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен оның видеографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Айыпталушылар жеті айдан бері қамауда отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистер сот отырысын арнайы бөлінген залдан бақылаған. Алайда процесс басталған кезде БАҚ өкілдеріне арналған трансляцияда техникалық ақау туындап, экранда шамамен 20 минут бойы «Сигнал жоқ» деген жазу көрсетілген. Кейін мәселе шешілген.
Алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекте өтуі керек еді. Алайда айыпталушыларды Алматыдан Астанаға этаппен жеткізуге байланысты кейінге қалдырылған. Қорғаушылардың мәлімдеуінше, олар бұл шешім туралы алдын ала хабардар болмаған.
Боқаевқа қандай айыптар тағылған?
Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс материалдарында аса ірі мөлшердегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары бар.
Бас прокуратураның бұған дейінгі мәліметінше, Боқаев әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумағында ағаштардың заңсыз кесілуі және құрылыс нысандарынан мүліктің ұрлануы туралы бейнематериалдар жариялаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұл әрекеттерді қоғамда мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты теріс пікір қалыптастыру мақсатында ұйымдастырған болуы мүмкін.
Ведомствоның мәлімдеуінше, ағаш кесу мен мүлікті ұрлау әрекеттеріне табысы төмен адамдар тартылған. Кейін осы оқиғалар түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жарияланған деген болжам бар.
Боқаев 18 наурызда ұсталған. Аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа қатысты эпизод оның 2015-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы басшысының кеңесшісі болып жұмыс істеген кезеңіне байланысты екені туралы сәуірде бас прокурордың орынбасары мәлімдеген.
Іс материалдарында қоғам белсендісінің жиені Мадияр Калменовтің де есімі аталады.
Видеографтың денсаулығына қатысты мәселе
Санжар Боқаевпен бірге оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа да қамауға алынған. Ол бейнероликтерді түсіріп, монтаждаумен айналысқан.
Бұған дейін Нүсіпқожаның жұбайы оның денсаулығы нашарлағанын жариялаған. Оның айтуынша, медициналық тексеру барысында видеографтың бауырында зақым, қатты жүдеу және қаназдық белгілері анықталған. Сондай-ақ онкологиялық ауру қаупі бар екені айтылған.
Осыған қарамастан, Ұлан Нүсіпқожа маусым айынан кейін де Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында ұсталғаны хабарланған.
Қыркүйектің басында Боқаевтың адвокаты Алма Мусина қорғау тарапы іс материалдарымен толық танысып үлгермей тұрып, қылмыстық іс прокуратураға жіберілгенін мәлімдеген.
Санжар Боқаев ел арасында утилизациялық алым саясатын, отандық автоөнеркәсіпті және қалалық бюджет шығыстарын өткір сынау арқылы танымал. Оның жақтастары мен әріптестері бұл қылмыстық қудалаудың астарында таза саяси және қоғамдық белсенділікке тосқауыл қою мақсаты жатыр деп санайды. Қазір сот отырысы жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар