Алматыда Сәтбаев университетінің проректоры ұсталды
Алматыда Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Көлдеев ұсталды, деп хабарлады журналист Михаил Козачков. Оның дереккөзінің айтуынша, университет басшыларының бірі пара берді деген күдікке ілінген.
Козачковтың жазуынша, Көлдеев 7 қыркүйектен бастап қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр. Әзірге оның әрекеті пара беру ретінде бағаланған, алайда журналист бұған өзге баптар да қосылуы мүмкін екенін айтады.
Ержан Итеменұлы Көлдеевтің осы оқу орнымен байланысы шамамен 40 жыл бұрын басталған. Бұрын Политех аталған қазіргі Сәтбаев университетіне студент болып келіп, оқуын аяқтаған соң осында жұмысқа қалған. Сабақ беріп, басшылық қызметтер атқарып, кейін университеттің басқару ісі мен стратегиялық жоспарлауға жауапты проректоры болған. Козачков оны оқу орнының ең танымал өкілдерінің бірі деп сипаттайды.
Көлдеевтің ғылыми атақтары мен марапаттары да аз емес. Ол әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик әрі Халықаралық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі.
2026 жылдың сәуірінде ғылымдағы үлкен жетістіктері мен жоғары білімді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Politico.kz университеттен түсініктеме сұрап, тиісті мемлекеттік органға сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар