Алматыдағы білім ошағы әжетхана қағазын қымбатқа сатып алған

Алматыдағы мектеп дәретхана қағазын 1000 теңгеден сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы қаласындағы №1 мектептің мемлекеттік сатып алуына қатысты күдікті жағдай анықталды. Мемлекеттік сатып алу бойынша сарапшы Бибек Жүнісовтің мәліметінше, білім ошағы Omarket.kz платформасы арқылы бір орам дәретхана қағазын нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбатқа 1000 теңгеден сатып алған.
Сарапшының айтуынша, мектеп осы бағамен жалпы 6000 дана дәретхана қағазын алған. Бұл ретте Жүнісов жергілікті өндірістегі ұқсас өнімдердің дүкендерде шамамен 700 теңге тұратынын атап өтті.
Сатып алудың Ресей өндірушісінен жасалғаны да күмән тудырады.
«Егер тасымалдау шығындары мен басқа да шығындарды ескерсек, құны одан да жоғары болады», – деп қосты Жүнісов.
Сарапшы бюджеттен мұндай тауарларға үнемі қаражат бөлінетініне қарамастан, ата-аналар мен мұғалімдердің мектептерде дәретхана қағазының жиі жоқ екеніне шағымданатынын айтты.
«Егер мектеп 6000 орам сатып алса, бұл бір жылға артығымен жетуі керек. Алайда іс жүзінде мектептерде қағаз жиі болмайды. Бұл жалған қабылдау актілері мен бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды көрсетуі мүмкін», – деп атап өтті Бибек Жүнісов.
Оның сөзінше, мұндай көтерілген бағамен сатып алу тек санитарлық тауарларға ғана емес, кеңсе, шаруашылық және спорт тауарлары сияқты басқа санаттарға да тән. Жүнісов мұндай схемалар бүкіл ел бойынша жүздеген миллиард теңгенің жымқырылуына әкеп соғуы мүмкін екенін баса айтты. Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігін және жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екенін көрсетуі ықтимал.
Соңғы жаңалықтар





