“Қоңырау шалып, қорқытқан”: Алматыда әйелді ұзақ уақыт аңдыған 52 жастағы ер адам ұсталды
Алматыда сталкинг жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол 35 жастағы қала тұрғынын ұзақ уақыт бойы мазалап, телефон арқылы қоңырау шалып, қорқытқан. Жәбірленушінің арызынан кейін полиция күдіктіні анықтап, ұстады.
Оқиға қала тұрғынының полицияға шағымдануынан кейін белгілі болған. Әйелдің айтуынша, өзі жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы соңынан қалмай, қайта-қайта байланысқа шығуға тырысқан. Сондай-ақ оған қоқан-лоқы көрсетіп, қажетсіз қоңыраулар шалған.
Өз сөзін растау үшін әйел полицияға WhatsApp мессенджеріндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды ұсынған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күдіктінің кім екенін анықтап, оны полиция бөліміне жеткізген. Жауап алу кезінде 52 жастағы ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар