«Анамның жылулығын көрмедім»: танымал блогер жан сырын ақтарды
Танымал кәсіпкер әрі блогер Нұрхан Нұрмаханбет «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында бала күнінен әжесінің қолында өскенін және ата-анасымен арадағы суық қарым-қатынастың шынайы себебін ашып айтты, деп хабарлайды Politico.kz sn.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Ол дүниеге келген үш күннен бастап 18 жасқа дейін толықтай әжесінің тәрбиесінде болғанын, соның салдарынан ата-ана мейірімін сезінбей өскенін жеткізді.
«Әке-шешем 18 жасында үйленіп, 19 жасында мені өмірге алып келген. Ол кісілер перзентханадан шыға салысымен, ата-әжемнің қолына берген. Туылғаныма 3 күн болғаннан бастап 18 жасыма дейін әжем қараған, баққан. Уыз ішпегем, анамның көкірегінде жатпағам, әкем мен анамның жылулығын, махаббатын алмағанмын. Әжемнің тәрбиесін алғанмын. Ол кісі түнімен ұйықтамай мені өсірген. Кедей отбасы болдық. Күзде сабаққа сыныптастарым жаңа киім киіп баратын. Соларға қарап қызығатынмын. Қазір ата-әжем Таразда. Қолында мүгедек баласы бар. Әжем Алматыға келіп, менімен тұрғысы келеді. Бірақ ата келмейді», – деді блогер.
Сонымен қатар ол қазір бір шаңырақ астында тұрғанымен, анасымен ашылып сөйлеспейтінін және әке-шешесін тек есімімен атайтынын жасырмады.
«Қазір анаммен бірге тұрамыз. Бірақ ашылып сөйлеспейміз. Өйткені, анамды да, әкемді де атымен атаймын. Қатты жақсы көріп, іздеп, сағынып тұрмаймын. Мүмкін, кішкентайымнан өсірмегеннен кейін солай шығар. Демалыс күндері көреміз. Жұмыс күндері тіпті бір-бірімізді көрмейміз. Менің орнымда басқа біреу болса, олармен бірге тұрмас еді, көмектеспейтін еді. Бұл жерде мені жібермей тұрғаны — бауырларым. Қанша дегенмен, мен бауырларымды жақсы көремін. Олар қыздар, ертең олар кетеді. Мен оларға көмектеспей жібере салсам, олар қатты қиналады. Өйткені әке-шешем жұмыс істемейді, білімдері жоқ. Қаншама рет ұрыс болды, мен олардан кеткім келген. Бірақ әжем жылап хабарласып, “солармен бірге тұршы, олар қайда барады” дейді. Әжем ауырып қала ма деп солармен тұрамын, жағдайын жасаймын. Бәрі әжем, бауырларым үшін», – деп ағынан жарылды Нұрхан Нұрмаханбет.
Соңғы жаңалықтар