Анасы мен қызын өлтірген мұғалімге сот үкім кесті
Түркістан облысында мектеп оқушысын зорлап, кейін анасы мен қызын өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қанды оқиға осы жылғы 11 қыркүйекте болған. Мектеп мұғалімі 47 жастағы әйел мен оның 15 жасар қызын аса қатігездікпен азаптап өлтірген. Күдікке сол ауылдың 29 жастағы мұғалімі іліккен. Ер адам мектепте оқушы қызға қырыңдаған. Сол іс-әрекеті үшін мұғалім жұмыстан қуылған. Жұмыссыз қалғанына ызаланған отбасылы ер адам түнделетіп оқушы қыздың үйіне барған. Анасының басын кірпішпен жарып өлтірген экс-мұғалім қызды зорлап, оны да өлтіріп кеткен. «Көреміз» бағдарламасынан араша сұраған марқұмның екі әпкесі әкелерінің де кісі қолынан қаза тапқанын айтқан еді.
«Көреміз» бағдарламасының экс-жүргізушісі Руслан Өтепбай сот шешімі шыққанын мәлімдеді.
«Көреміз» тілшілері қанды қылмыс болған жерге барып, куәгерлерден сұхбат алып, журналистік зертеу жүргізді. Бағдарлама соңында қайғыдан қан жұтқан отбасыға заңгерлік көмек көрсетіп, бұл істі Жандос Палмановқа табыстадық» деп жазды журналист.
Қылмыстық іс үш ай тергелді. Сот шешімімен ер адам өмір бақи бас бостандығынан айырылып, 50 миллион моральдық шығын өтеуі тиіс. Руслан Өтепбай сот үкімі әлі күшіне енбегенін айтты.
Ақпарат Orda.kz сайтынан алынды.