Павлодарда 12 жылға сотталған 20 жастағы жігіт түрмеде өлі табылды
Павлодар облысындағы түзеу мекемесінде 20 жастағы сотталушы өлі табылды, деп хабарлайды Halyqstan Telegram арнасы.
Оқиғаның мән-жайы 2025 жылдан басталады. Сол кезде 19 жаста болған жігіт Instagram арқылы 15 жастағы мектеп оқушысымен танысқан. Екеуі біраз уақыт хат алмасып, кейін қыздың үйінде кездескен.
Олардың арасында жыныстық қатынас болған. Бұл туралы қыздың анасы біліп, полицияға арыз түсірген.
Halyqstan мәліметінше, екі жастың арасындағы қарым-қатынас өзара келісіммен болған. Алайда Қазақстан заңнамасы бойынша 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынған.
2026 жылдың сәуірінде сот жігітті 12 жылға бас бостандығынан айырған.
Арада бірнеше ай өткенде оның түзеу мекемесінде қайтыс болғаны белгілі болды.
Павлодар облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің алдын ала мәліметінше, сотталушы өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Қазір өлімінің нақты себебі анықталып жатыр.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Соңғы жаңалықтар