«Неге кәсіпкерлер депутат болуға ұмтылады» деген сұраққа ашуланған экс-мәжілісмен жаңа қызметке тағайындалды

«Неге кәсіпкерлер депутат болуға ұмтылады» деген сұраққа ашуланған экс-мәжілісмен жаңа қызметке тағайындалды
Фото: ашық дереккөз

Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, кәсіпкер Болатбек Әлиев Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұрынғы мәжілісменнің айтуынша, ол бұл қызметке қыркүйек айының соңында кіріскен және міндетін қоғамдық негізде, жалақысыз атқарады.

«Кәсіпкер ретінде өз орнымды таптым. Алдыма қойған негізгі мақсаттарыма жеттім, жұмыс істеп тұрған бірнеше мың жұмыс орны бар кәсіпорындар құрдым. Өз еңбегіммен қалыптасқан қаржылық дербестігім бар. Бұл маған біреуге жалтақтамай, пікірімді ашық айтуға және ұстанымымды қорғауға мүмкіндік береді», – деп жазды Болатбек Әлиев.

Ол мемлекеттік қызметте, саясатта, кәсіпкерлікте және басқару ісінде тәжірибесі мол екенін, сондай-ақ өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңірлерді дамыту, көлік пен логистика салаларының мәселелерін тәжірибе жүзінде жақсы білетінін атап өтті.

Сондай-ақ экс-депутат Серік Жұманғаринмен бұрыннан таныс екенін және депутаттық кезеңінде де бірлесіп жұмыс істегенін еске салды:

«Мәжілісте жүргенімде Палата төрағасы Ерлан Қошановтың келісімімен оның жетекшілігіндегі үкімет делегациясы құрамында 2024 жылы Мәскеуге бардым. Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссия отырысында отандық кәсіпкерлердің тасымал, транзит және сауда саласындағы мәселелерін Ресей үкіметінің басшысы алдында көтердім. Елшіміздің айтуынша, бұл мәжіліс депутатының үкімет делегациясы құрамына енуі бойынша алғашқы оқиға болды. Кеңесші болуды ұсынғанда, Серік Мақашұлы осы тәжірибемді Үкімет жұмысына пайдалануға болатынын айтты», – деді ол.

Қазіргі уақытта Әлиев мемлекеттік органдардың ұсыныстарын сараптап, олардың халық пен бизнеске ықпалына баға беріп, баламалы шешімдер ұсынумен айналысып жатыр. Негізгі мақсат – мемлекет мүддесін сақтай отырып, қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлерге тиімді жол табу.

«Ендігі ниетім – жинаған тәжірибеммен елге пайдамды тигізу. Қазақстан өркендеп, өз еңбегімен табысқа жеткен, тұрмысы жақсы, ешкімге тәуелді емес азаматтарымыз көбейсе деймін. Үкіметтің жұмысы адамдардың осындай жетістікке жетуіне жағдай жасауы керек деп санаймын», –деп түйіндеді экс-депутат.

Айта кетейік, кезінде мәжіліс дәлізінде экс-депутат Болатбек Әлиев "Еуразия" арнасының журналисі Ақбөпе Тәңірбергеннің "Неге кәсіпкерлер депутат болуға ұмтылады?" деген сұрағын жақтырмай, ашуға булығып, жауап беруден бас тартқан еді. Онысымен қоймай “неге журналистер депутат болады?” – деп журналистің өзіне қарсы сауал қойған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу