"Уақыт емдемейді екен": Ләйлә Сұлтанқызы өмірден өткен жарын еске алды

Фото: instagram/sultankyzy

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жары Қайрат Беркімбаевты еске алып, оның дүниеден өткеніне 4 жыл толғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі жарының жоқтығы жанына әлі де батып жүргенін және қиын сәттерде жалғыз қалып көз жасына ерік беретінін жасырмады. Сонымен қатар ол әлі күнге дейін жұбайымен ойша сырласып отыратынын жеткізді.

«Қарашаның ызғары… Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл… Өзіңсіз төрт күз, үш қыс, төрт көктем өтті. Бірақ сен кеткен қарашаның ызғары бәрібір жүрегімізден кеткен жоқ… Уақыт емдемейді екен. Тек сағынышпен өмір сүруді үйретеді. Оңай емес… Қатты қиналған сәттерде ешкімге көрсетпей, кейде оңаша жылап аламын. Шыным», – деп жазды тележүргізуші.

Ләйлә Сұлтанқызы отбасындағы жаңалықтарды да марқұм жарына арнаған естелік жазбасына қосып, оны үнемі дұғасына қосып жүрген туған-туыстарының барына шүкіршілік білдірді.

«Қайреке, Сағадат пен Сардар өсіп келеді. Жиен немерең Таймас өмірге келді. Үлкен немерең Ажар шетелде білім алып жүр. Ағайын-туыс аман. Сені сағынышпен еске алып, үнемі дұғасына қосып жүретін жақындарың бар. Соның бәріне шүкіршілік етемін. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Алла алдынан жарылқасын», – деп аяқтады ол жазбасын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу