Ақмола облысында газ-ауа қоспасы жарылды
Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы сүт зауытында жазатайым оқиға болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, газ-ауа қоспасы жарылған, алайда өрт тұтану және ғимараттың қирауы тіркелмеген.
Желіде тараған ақпарат бойынша кәсіпорын аумағында жер астында орналасқан газ резервуары бар, одан құбырлар арқылы өндірістік үй-жайларға газ жеткізіледі. Бүгін қоймада газдың ағып кетуі салдарынан жарылыс болған. Ғимаратқа зақым келмегенімен, екі адамды күйік шалған, қолдары, аяқтары және бетінің шамамен 40 пайызы күйіп қалған.
Зардап шеккен екі ер адам да елордалық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша полиция және басқа да құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ТЖД күштері мен құралдары тартылмаған. Полиция тергеу жүргізіп жатыр.
«Осы жағдай бойынша жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда», - делінген облыстық еңбек инспекциясы департаменті хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың ақпан айының соңында Щучинск қаласында газ баллонының жарылуы салдарынан 28 адам зардап шегіп, олардың 12-сі қаза тапқан.
Соңғы жаңалықтар