АҚШ пен Иран келісімге келді

15.06.2026 08:43 Әсел МҰРАТ
АҚШ пен Иран келісімге келді
202
Фото: ашық дереккөз

АҚШ пен Иран бейбіт келісімге қол қоятын болды. Екі ел арасындағы бейбіт келісімге қол қою рәсімі 19 маусымда Швейцарияда өтеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді.Оның айтуынша, Вашингтон мен Тегеран атысты дереу әрі толық тоқтату жөнінде келісімге келген.

Трамп та келісімнің жасалғанын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында растады және Иранға қатысты блокаданы алып тастауға, сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы халықаралық кеме қатынасын қайта жандандыруға «рұқсат бергенін» айтты.

Иран тарапы да келісімнің негізгі шарттарын жариялады. Mehr агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон:

  • Иранның бұғатталған активтерінен $24 млрд босатуға;
  • бұл қаражаттың жартысын келісімге қол қойылғанға дейін қайтаруға;
  • мұнай саласына қатысты санкцияларды алып тастап, жаңа шектеулер енгізбеуге;
  • одақтастарымен бірлесіп, Иран экономикасын қалпына келтіруге бағытталған көлемі кемінде $300 млрд болатын бағдарламаны ұсынуға міндеттелді.

Өз кезегінде Иран ядролық қару жасамауға міндеттеме алып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа адалдығын растайды.

Бұл келісімге Катар, Пәкістан және басқа да делдал мемлекеттер қатысқан.  

Келісімнің негізгі тармақтарына сәйкес, Иран ядролық қаруға ие болмау жөніндегі міндеттемесін растайды және өзінің ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық бақылауды күшейтуге келіседі. Өз кезегінде АҚШ пен Батыс елдері Тегеран нақты әрі тексерілетін қадамдар жасаған жағдайда санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге дайын екенін білдірді.  

Сондай-ақ тараптар әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды саналатын Ормуз бұғазын қайта ашу мәселесі бойынша келісімге келген. Құжатта халықаралық кеме қатынасының еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.  

Келісімнің тағы бір маңызды бағыты – аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру. АҚШ, Иран және өңірлік серіктестер ұзақ мерзімді дипломатиялық реттеуге қол жеткізу үшін келіссөздерді жалғастыруға ниетті.  

Осыған байланысты Франция, Ұлыбритания, Германия және Италия лидерлері бірлескен мәлімдеме жасап, Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісімді қолдайтындарын мәлімдеді. Олар бұл құжат Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтып, әлемдік экономикаға оң әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.  
 

Войдите, чтобы оставить комментарий