АҚШ пен Ресей Эр-Риядта келісімге келе алмады

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында Украинадағы соғыс мәселесі бойынша АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ DW агенттігіне сілтеме жасап.
Екі күнге жалғасқан келіссөздер барысында тараптар толық бітімге жақындағанымен, әзірге нақты келісімдерге қол қойылмаған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюстің айтуынша, Украина мен Ресей толық бітімге қол жеткізуге бұрын-соңды болмағандай жақындаған.
«Қазір біз энергетикалық нысандарға соққы жасауды тоқтату туралы мәселені талқылаудамыз. Бұл мәселеде екі тарап та мәмілеге келуге дайын», – деп хабарлады Брюс.
Алайда Ресей Федерациясы келіссөздерден айтарлықтай серпіліс күтпеуге шақырды. РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, бұл келіссөздерде көптеген күрделі мәселелер талқылануда және ол бір ғана кездесумен шешілмейді.
Келіссөздер барысында АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинамен пайдалы қазбаларды өндіру және энергетикалық инфрақұрылымды басқару бойынша келісімдерге тез арада қол қойылатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский америкалық делегациямен қайтадан кездесетіндерін хабарлады.
«Ресей соғысты әдейі созып, халыққа қиянат жасап отыр. Бізге бейбітшілік үшін нақты әрекеттер қажет», – деді ол.
Келіссөздерде Украина тарапын Қорғаныс министрі Рустем Умеров, Ресей тарапын Федерация кеңесінің комитет төрағасы Григорий Карасин басқарды. Америкалық делегация өкілдерінің бірі – АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры Эндрю Пик болғаны белгілі.
Соңғы жаңалықтар





