Ақтөбе облысында ерлі-зайыптылардың қазасына қатысты іс тоқтатылды
Ақтөбе облысында өткен жылдың қараша айында қала сыртынан өлі күйінде табылған ерлі-зайыптылардың ісі бойынша тергеу тоқтатылды. Алғашқы нұсқа расталды: ер адам әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 20 қарашасында болған. Сол күні таңертең жұбайлар ет алуға базарға шыққан. Кейін олардың мәйіттері Ақтөбе қаласының сырт жағынан табылды.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам (А.) Богослов тасжолымен келе жатып, көліктің ішінде жұбайымен жанжалдасқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол көлікті тоқтатып, асүй пышағын алып, артқы орындыққа отырған. Әйелін (Ш.) етпетінен жатқызып, сол аяғымен арқасынан басып тұрып, мойнын бірнеше рет тілген. Нәтижесінде әйел ауыр дене жарақаттарынан көз жұмған.
Одан кейін ер адам жолай арқан сатып алып, автокөлігімен өндірістік цех ғимаратына барған. Сол жерде жабдыққа көтеріліп, өзін-өзі асып өлтірген.
Ер адамды мұндай қадамға не итермелегені сотта нақтыланбады. Марқұмның адвокаты Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағына сәйкес, айыпталушының қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Прокурор бұл өтінішті қолдады.
Сот қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарды.
Соңғы жаңалықтар