Қазақстан аспанында ресейлік ұшақ апат белгісін берді

Қазақстан аспанында ресейлік ұшақ апат белгісін берді
Фото: magnific.com

Ресейдің S7 Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Қазақстан аспанында апат белгісін берді. Кейін ұшақ Омбы әуежайына аман қонды. Бортта 173 жолаушы болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Flightradar24 мәліметінше, Новосібірден Махачкалаға бағыт алған S7 7099 рейсі Қазақстан аумағында ұшып бара жатқанда 7700 апат кодын жіберген. Осыдан кейін ұшақ Көкшетау маңында бағытын өзгерткен.

S7 Airlines компаниясы ұшақтың техникалық ақауға байланысты Омбыға қонуға шешім қабылдағанын хабарлады.

«Техникалық ақауға байланысты Новосібірден Махачкалаға ұшқан S7 7099 рейсінің экипажы Омбыдағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ қонуға дайындалып жатыр», деді компанияның баспасөз қызметі РИА Новости агенттігіне.

БАҚ мәліметінше, ұшақ Омбы әуежайына сәтті қонған.

Новосібірдегі Толмачево әуежайының онлайн таблосына сәйкес, ұшақ жергілікті уақытпен сағат 13:20-да, Астана уақытымен 11:20-да ұшып шыққан.

Рейсті тіркеу нөмірі RA-73668 болатын Boeing 737-800 ұшағы орындаған. Flightradar24 сервисінде рейс SBI7099 және S77099 деп көрсетілген.

7700 коды ұшақ бортында төтенше жағдай болғанын білдіреді. Экипаж бұл белгіні әуе қозғалысын басқару қызметіне шұғыл көмек немесе ерекше назар қажет екенін хабарлау үшін жібереді.

Техникалық ақаудың нақты сипаты мен жолаушылардың жағдайы туралы қосымша мәлімет жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу