Ақтөбеде теракт жасағандардың үшеуі түрмеде өліп тынды
2016 жылы Ақтөбеде теракт жасап сотталған 3 адамның түрмеде қайтыс болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Tengrinews.kz-тің сотталғандардың қазіргі жағдайы мен жұмыспен қамтылуы туралы ресми сауалына жауап берді.
«Сотталғандар Айдос Жұбанов, Асхат Иманғалиев, Асхат Рахметовтің қайтыс болғанын хабарлаймыз», – деді ведомство өкілдері.
Еске салсақ, 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде бір топ радикал қарулы шабуыл ұйымдастырған болатын. Олар алдымен екі қару-жарақ дүкеніне басып кіріп, адамдарды өлтіріп, қаруды қолды қылды. Одан кейін лаңкестер екіге бөлініп, бір тобы полициямен атысса, екіншісі автобусты басып алып, Ұлттық ұланның әскери бөліміне бұзып кірген.
Қалада бірнеше күнге созылған ауқымды арнайы операция жүріп, салдарынан барлығы 25 адам қаза тапты. Оның ішінде 4 бейбіт тұрғын, 3 әскери қызметкер және көзі жойылған 18 террорист бар.
Қылмыскерлердің барлығы 12 маусымда толық ұсталып, осы іс бойынша Ақтөбе соты 29 адамға үкім шығарды.
Тергеу барысында шабуылға тікелей қатысқаны анықталған Бақыт Қуанышбаев, Асхат Иманғалиев, Әнуар Садихов, Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Арсен Таңатаров және Асхат Рахметов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Терактінің негізгі қатысушыларының қатарындағы Айдос Жұбанов 25 жылға, ал Азамат Абдрахманов 22 жылға сотталды. Қалған 20 адам шабуылға тікелей араласпағаны үшін жеңілдеу жаза алған болатын.
Соңғы жаңалықтар