Ақтөбеде жоғалған әйелі мен күйеуінің денесі табылды
Ақтөбеде бір күн бұрын із-түзсіз кеткен ерлі-зайыптылардың өлі денесі табылды. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты облыстық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл отбасыны іздеуге жергілікті еріктілер мен тәртіп сақшылары жұмылдырылған болатын. Туыстары мен жақындары олардың аман табыларына соңғы сәтке дейін үміттенген еді. Алайда, бүгін суыт хабар жетті. Жұбайлардың жансыз денесі қала сыртынан табылды.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, оқиға орнында қанды қылмыстың ізі сайрап жатыр. Сарапшылар қазір айғақтарды жинап, тергеу жүргізуде.
«Әйелдің денесін тексеру барысында оның зорлықпен өлтірілгені анықталды. Ал көп ұзамай оның күйеуінің де асылып тұрған денесі табылды. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Құқық қорғау органдары қарастырып отырған негізгі нұсқалардың бірі – отбасылық жанжал. Болжам бойынша, ер адам алдымен әйелін өлтіріп, артынша өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін.
Дереккөздердің мәліметінше, марқұмдардың артында кәмелетке толмаған бес баласы жетім қалды.
Соңғы жаңалықтар