Арада 11 жыл өткенде Омарбековтің есімі қайта аталды
Күні кешеге дейін «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры әрі басқарма мүшесі болған Қуаныш Алтынбекұлы Омарбеков уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҰҚК оны пара берді деп күдіктеніп отыр. Politico.kz байқағандай, дәл осындай аты-жөні бар адам осыдан 11 жыл бұрын ҰҚК генералына қатысты қылмыстық істе де аталған.
ҰҚК мәліметінше, Омарбеков «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Инженерден ұлттық компанияның басшылығына дейін
Қуаныш Омарбеков 1986 жылы туған. Төрт жоғары білімі бар. MBA дәрежесін алған, металлургия саласы бойынша техникалық білімі де бар.
Атом өнеркәсібіне 2011 жылы келіп, инженерден KAP Logistics логистикалық компаниясының бас директорына дейін көтерілген. 2022 жылы «Ақбастау» бірлескен кәсіпорнын басқарса, 2023 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» басқарма құрамына кіріп, ұлттық уран компаниясының өндірісіне жауапты болған.
Генерал, оның күйеу баласы және жүздеген мың доллар
2015 жылы ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жұламанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот генералды ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны және аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, Жұламанов басқарған топ 2013 жылдың жазынан 2014 жылдың қазанына дейін жалпы сомасы $1,368 млн пара алған.
Сол кездегі сот процесі туралы жарияланған мақалаларда Қуаныш Омарбековтің есімі кездеседі. Ол сотталған генералдың күйеу баласы ретінде аталған.
2014 жылдың мамырында Омарбеков жұбайымен бірге Астана маңынан $200 мыңға үй сатып алған. Ауласын абаттандыруға тағы шамамен $40 мың жұмсаған. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, генералдың туған бауыры оларға үйлену тойына $300 мың сыйлаған.
Іс материалдарында $106 мыңға сатып алынған Toyota Land Cruiser 200 көлігі туралы да айтылады. Тінту кезінде Омарбековтен қолма-қол 7 млн теңге алынған. Ол бұл ақшаны өзінің жеке жинағы деп түсіндірген.
Сол кезде тергеушілер отбасының ресми табысы мен жұмсаған қаражатының сәйкес келмейтініне назар аударған. Алайда Жұламановтың қылмыстық ісі бойынша Омарбековтің өзіне айып тағылмаған.
Арада 11 жыл өткенде Қуаныш Омарбековтің есімі жемқорлыққа қатысты тергеуде қайта аталып отыр. Бұл жолы Қазақстандағы ең ірі ұлттық компаниялардың бірінің басшылығына қатысты істе.


Фото: «Право» газетінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №28 санынан үзінді
Сонда бұл бір адам ба? «Қазатомөнеркәсіптің» ұсталған басшысы ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысының күйеу баласы ма, әлде екеуінің аты-жөні ғана сәйкес келе ме?
Әзірге бұл болжам расталған жоқ. Бәлкім, қазіргі тергеу осы сұрақтардың жауабын берер.
Соңғы жаңалықтар