ҰҚК «Аграрлық несие корпорациясы» филиалының экс-директорына қатысты істі тергеп жатқаны хабарланды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалының бұрынғы директорына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Politico.kz Hronika.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, осы жылдың маусым айында «Медина» шаруа қожалығының өкілі сол кездегі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалының директорына 1 миллион теңге берген. Бұл қаражат «Агробизнес» бағдарламасы аясында ірі қара мал сатып алуға алынған 60 миллион теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесін 24%-дан 22,75%-ға дейін төмендету үшін төленген.
Тергеу болжамы бойынша, Ақтөбе филиалының директоры басшылықпен сөйлесіп, несие мөлшерлемесін төмендетуге ықпал ете алатындай жалған әсер қалдырған. Алайда шын мәнінде филиал басшысының шаруа қожалығына көмектесу ниеті мүлдем болмаған.
Айта кетерлігі, несиенің пайыздық мөлшерлемесі расымен төмендетілген. Дегенмен тергеу органдарының пайымдауынша, бұл шешімге Ақтөбе филиалының бұрынғы басшысының ешқандай қатысы жоқ.
Қазіргі уақытта қылмыстық істі ҰҚК тергеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар