Қостанай облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы ұсталғаны айтылды
Қостанай облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Шынқұсхан Есмұхановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл мәліметті «Наша газета» басылымы бейресми дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Алдын ала деректерге сәйкес, шенеунік 20 қараша күні ұсталған.
Қазіргі уақытта ұстаудың нақты себебі белгісіз.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, іс белгілі бір кәсіпкерлік субъектісінің бірнеше жүз миллион теңге көлеміндегі салықты төлемеуіне байланысты берілген бірнеше миллион теңге параға қатысты болуы мүмкін. Дегенмен журналистер бұл ақпараттың әзірге ресми түрде расталмағанын ескертеді.
Өз кезегінде Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті редакция сауалына Шынқұсхан Есмұхановтың қазіргі таңда жұмыс орнында жоқ екенін мәлімдеді.
«Департаментте өзге ресми ақпарат жоқ. Осыған байланысты нақты әрі шынайы мәлімет алу үшін тиісті уәкілетті органға жүгінуді ұсынамыз», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта «Наша газета» редакциясы аталған жайтқа қатысты өзге құзырлы ведомстволарға ресми сауал жолдаған.
Соңғы жаңалықтар