«Қазатомөнеркәсіптің» басшылары ұсталды

«Қазатомөнеркәсіптің» басшылары ұсталды
Қуаныш Омарбеков. Фото: Қазатомөнеркәсіп

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталғанын хабарлады, деп жазады Politico.kz.

ҰҚК мәліметінше, 23 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді.

Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі («пара беру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Осы арада «Қазатомөнеркәсіп» компания басшылығындағы өзгерістер туралы мәлімдеді. 24 қарашада директорлар кеңесінің шешімімен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Олардың міндеттері ішкі тәртіпке сәйкес компанияның өзге басшыларына бөлініп берілді.

Компания өндіріс пен коммерция саласының қызметкерлері толық құрамда жұмысын жалғастырып жатқанын, шаруашылық қызмет қалыпты жүріп жатқанын хабарлады. Басшылықтағы өзгерістер компанияның стратегиялық міндеттеріне, өндірістік және қаржылық болжамдарына, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелеріне әсер етпейтіні айтылды.

«Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның ұлттық атом компаниясы әрі әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші. Компания уран өндірумен және өңдеумен айналысады, уран мен ядролық отынның экспорты және импорты бойынша ұлттық оператор саналады.

Компанияның бақылаушы акционері – «Самұрық-Қазына» қоры. Оған акциялардың шамамен 63%-ы тиесілі. Тағы 12%-ы Қаржы министрлігіне тиесілі болғанымен, қордың сенімгерлік басқаруында. Қалған 25%-ы еркін айналымда.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та «Қазатомөнеркәсіптің» төрт басшысы ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. ҰҚК әзірге ұсталғандардың нақты санын жарияламады.

Бұл ақпарат «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшылары ұсталғаннан екі аптадай уақыт өткен соң тарады.

12 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған еді. Олар және басқа да тұлғалар пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. 14 қарашада сот екі төрағаны қамауға алуға санкция берді.

Бұдан бөлек, Politico.kz ҚТЖ-ның екі директоры мен «Самұрық-Қазына» қорының департамент директоры Азамат Сембайдың ұсталуына қатысты ҰҚК-ге сауал жолдаған. Комитет сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Ал «Самұрық-Қазына» қоры департамент қызметкерінің қамауға алынуы оның бұрынғы еңбек қызметіне байланысты екенін, қазіргі лауазымдық міндеттеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу