Әскерде намаз оқуға бола ма?
Қазақстан армиясында сарбаздардың намаз оқуына және басқа да діни ғибадаттар жасауына арнайы уақыт бөлінбейді. Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын білдіріп, әскери қызмет пен дін бір-біріне мүлдем араласпайтынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәжіліс дәлізінде журналистердің сұрағына жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков еліміздің зайырлы мемлекет екенін айтты. Оның сөзінше, әскерге шақырылған кез келген азамат ең алдымен қарулы күштердің қатаң күн тәртібіне бағынуы тиіс.
"Заң бойынша, діни сеніміне байланысты әскери қызметтен бас тарту нормасы жоқ. Егер ондай болса, кез келген адам діни сенімін желеу етіп, әскери қызметтен жалтарар еді. Ондай (Діни ғибадат жасау – ред.) біздің күн тәртібінде қарастырылмаған. Сондықтан келген бала әскердің күн тәртібімен қызметін атқарады. Біздің мемлекетіміз — зайырлы мемлекет. Жаңа Конституция бойынша да, дін әскер мен саясаттан бөлек болуы керек. Қарулы күштер ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін орган болғандықтан, ол — бөлек институт", – деп түсіндірді Мұстабеков.
Айтпақшы, осыған дейін Асқар Мұстабеков өзінің туған ұлы да қатардағы сарбаздармен бірге әскери борышын өтеп жүргенін мәлімдеген болатын.
Соңғы жаңалықтар