Әскерде қаза болған Шынарбек Дінмұхамедтің анасы Тоқаевқа үндеу жолдады

Алматы облысында қаза тапқан сарбаздың анасы Президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ ZTB арнасына сілтеме жасап.
Алматы облысы Матыбұлақ ауылындағы № 01098 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбаз Шынарбек Дінмұхамед Талғатұлының денесі табылды. Осы оқиғаға байланысты марқұмның анасы Сандуғаш Қалтаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
Сарбаздың туыстарының айтуынша, 17 қыркүйекте оларға Дінмұхаммедтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабар келген. Алайда, олар бұл ресми нұсқаға күмәнмен қарайды және істің әділ тергелуін талап етіп отыр.
Ашынған ана өз үндеуінде әскердегі жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, сіздің армияңызда не болып жатқанын білесіз бе? Аналар баласыз қалуы керек пе? Қыршын жастар өмірден озуы керек пе? Бұл не деген армия? Сіздердің қызметкерлеріңіздің деңгейі жерде тапталып жатыр ғой. Неге мұндай нәрселер болып жатыр? Неге бақылауға алынбайды? Министр мырзалар, неге мұның бәрі қараусыз қалуы керек? Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер», – деді Сандуғаш Қалтаева.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бас әскери прокуратура тергеуді өз бақылауына алғанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар





