Әскерде сарбазды соққыға жыққан сержантқа сот үкімі шықты
Ақтөбе гарнизонының әскери соты мерзімді әскери қызметшіні соққыға жығып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген сержантқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот материалдарына сәйкес, К.есімді сержант Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, жәбірленушінің денсаулығына елеулі зиян келтіруге әкеп соққан әрекет жасады деп айыпталған.
Іс барысында сержант мерзімді әскери қызметшілерге жауапты тұлға бола тұра әскери қызметші дене жарақатын салып, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені анықталған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап етті. Сонымен қатар ол азаматтық талапты ішінара ғана мойындап, жәбірленушінің пайдасына тек өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты сот шығындарын өндіруді сұрады.
Жәбірленуші болса соттан айыпталушыға заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды және азаматтық талапты толық қанағаттандыруды өтінді.
Сотта сержанттың кінәсі сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленуші мен куәлардың, сондай-ақ сарапшының айғақтарымен дәлелденді.
Нәтижесінде Ақтөбе гарнизонының әскери соты сержантты кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің пайдасына 700 мың теңге моральдық өтемақы және өкілдің қызметіне ақы төлеуге байланысты 900 мың теңге сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар