Астанада емдік массаж жасайтын қыз клиентінен зорлық көргенін айтып берді
Астанада емдік массаж жасайтын бойжеткен клиентінің үйінде өзіне не болғанын айтып берді. Бұған дейін құқық қорғаушы Ләззат Рақышева жариялаған оқиғаға қатысты жәбірленуші ер адамның өзін ұрып-соғып, пышақпен қорқытқанын және зорлағанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.
Аты-жөнін жарияламауды, жүзін көрсетпеуді сұраған қыздың айтуынша, оқиға үш ай бұрын болған. Бейтаныс нөмірден массажға тапсырыс түсіп, ер адам оны үйіне шақырған. Бойжеткен алдын ала жыныстық қызмет көрсетпейтінін ескерткен.
Алайда үйге барған соң ер адамның басқа мақсатпен шақырғанын түсінген. Қыз ақшасын үстелге қойып, мұндай қызмет көрсетпейтінін тағы айтқанымен, клиенті күш қолданған.
«Қатқыл дауысымен айқайлап, мені боқтап, шашымнан тартып алып, диванның қырына басыммен ұрғылай бастады», дейді жәбірленуші.
Оның сөзінше, еңгезердей ер адамға күші жетпеген соң, қашып құтылу үшін терезеден секірмек болған. Ауладағы тұрғындар дауысын естіп, полиция шақырған. Бойжеткен сақшылар келгенше ер адамның бірнеше рет зорлап, қарсылық көрсеткенде тамағына асүй пышағын тақап, ұрып-соққанын айтты. Сондай-ақ денесі көгеріп, жыныс мүшесі бір сантиметрге жыртылғанын жеткізді.
Жәбірленушінің айтуынша, бастапқыда іс созылып кеткен. Болған жағдайды ішіне бүгіп, күйзеліске түскен ол кейін Ләззат Рақышеваның көмегіне жүгінген. Оқиға әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ғана полицияның жұмысы жанданды, дейді бойжеткен. Күдіктінің кеше ұсталып, қамауға алынғаны хабарланды.
Қыз өзіне шабуыл жасаған адамнан ештеңе талап етпейтінін, тек заң алдында жауап бергенін қалайтынын айтты. Оның алаңдауынша, сол үйге массаж маманының орнына тазалықшы немесе бала күтушісі де баруы мүмкін еді. Ал өзі осы жағдайдан кейін ер адамдарға жоламауға бекінгенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар