«Пышақпен қорқытып, шашынан сүйреп, басын диванға соққан»: массаж жасауға барған қызды зорлаған
Астанада массаж жасаушы қызды зорлады деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұған дейін ол үш айға жуық куәгер мәртебесінде жүрген, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл оқиға туралы құқық қорғаушы Ләззат Рақышева жариялады. Оның айтуынша, бойжеткен шабуылдан кейін бірнеше ай өткен соң, көмекке енді ғана жүгінген.
Істің мән-жайы
Жәбірленушінің сөзінше, 4 шілде күні ол Астанадағы үйлердің біріне шақыртумен массаж жасауға барған. Қыз медициналық оқу орнын бітіріп, сертификат алып, заңды негізде емдік массаж қызметін көрсетіп жүрген.
Клиент бұған дейін де оған келген және сол кезде өзіне «боди-массаж жасайтын қыз» тауып беруді сұраған. Қыз одан бас тартып, оны бұғаттап тастаған. Бір айдан кейін ер адам басқа нөмірден қоңырау шалып, емдік массаж сұраған. Қыз интимдік қызмет көрсетпейтінін бірнеше рет ескерткен. Ер адам бұған келіскен.
«Барған жерінде ол бұрынғы клиентін таныған. Массаж кезінде ер адам одан интимдік әрекеттерді талап еткен. Қыз бас тартып, кетпекші болады. Сол кезде, бойжеткеннің айтуынша, ер адам оның шашынан ұстап, басын диванға бірнеше рет соққан, пышақпен қорқытып, зорлаған»,– деді Рақышева.
Қыздың айтуынша, ол терезе арқылы қашып шығуға тырысып, көмек сұрап айқайлаған. Оны ауладағы адамдар байқап, полиция шақырған. Құқық қорғау органдары ер адамды пәтердің ішінен ұстаған.
Құқық қорғаушы істің тергелуіне қатысты бірқатар мәселе барын айтқан. Оның сөзінше, ер адам бастапқыда ұсталып, полицияға жеткізілгенімен, кейін босатылған. Осыдан кейін ол үш айға жуық уақыт қорғаушы шақыру құқығы бар куәгер мәртебесінде болған.
Рақышева, сондай-ақ, іс бойынша сараптамаларға және ықтимал куәгерлерден жауап алуға қатысты да мәселе бар екенін хабарлады. Жәбірленуші тергеушіге қарсылық білдіріп, істі Астана қаласы полиция департаментінің басқармасына беруді талап етпек.
Полиция не дейді?
Астана қалалық полиция департаменті редакцияға қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар