Астанада «Пепенің» «тәтті» саудасын полиция тоқтатты
Астанада есірткі қосылған печенье сатқан интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылды. Полиция «Пепе» дүкені арқылы есірткі таратқан деген күдікпен бес ер адамды ұстады, деп хабарлайды Politico.kz ІІМ сілтеме жасап.
Күдіктілердің барлығы 30 жастан асқан. Оларды полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, бірнеше жалдамалы пәтерде бір уақытта ұстаған.
ІІМ мәліметінше, интернет-дүкен арқылы марихуана, гашиш, каннабис шайыры және басқа да есірткі түрлері тәулік бойы сатылған. Топ мүшелерінің әрқайсысы есірткіні ұйымдастыру, буып-түю, сақтау және жасыру жұмыстарын атқарған.
Дүкенде каннабис шайыры қосылған печеньелер де сатылған. Полиция әрқайсысының салмағы 100 грамм болатын 238 печеньені тәркіледі.
«Тінту кезінде 12 келіге жуық есірткі, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 келі гашиш және 2 келі каннабис шайыры тәркіленді», деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Полиция қолма-қол ақша, банк карталары, телефондар, электронды таразылар мен есірткіні қаптауға арналған құрылғыларды да тәркіледі.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен (есірткі сату) сотқа дейінгі тергеу басталды. 5 күдікті қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар