Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталды

Бүгін Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парад өтеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ақорда хабарлауынша, салтанатты іс-шараға елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысады.
Әскери парад сағат 10:45-тен бастап елордада және барлық облыс орталығында LED-экрандар мен республикалық телеарналардан көрсетіледі. Сондай-ақ Ақорданың Facebook, YouTube, Telegram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан тікелей эфир көрсетіледі деп жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік туды және Жеңіс туын алаңға алып келді.
Жеңістің Қызыл туы – осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі.
Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Осынау даңқты ерлігі үшін Қошқарбаев сол кезде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Соңғы жаңалықтар





