Telegram iPhone иелеріне шұғыл ескерту таратты
Telegram iPhone қолданушыларына жаппай хакерлік шабуыл қаупі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мессенджер өкілдері iOS операциялық жүйесінің ескі нұсқасын пайдаланатындарға құрылғыны шұғыл жаңартуға кеңес берді. Бұл туралы Telegram негізін қалаушы Павел Дуров X әлеуметтік желісінде жазды.
Дуровтың айтуынша, iOS жүйесінің ескірген нұсқаларын пайдаланатын iPhone иелерінің жеке деректері қауіпке ұшырауы мүмкін. Тіпті кейбір жағдайларда зиянкестерге құрылғыны бұзу үшін арнайы сайтқа кірудің өзі жеткілікті болуы ықтимал.
Telegram таратқан ескертуге сәйкес, операциялық жүйенің бұрынғы нұсқаларында пайдаланушы аккаунттарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін осал тұстар бар. Сондықтан жеке ақпаратты қорғаудың бір жолы – iOS жүйесін соңғы нұсқасына дейін жаңарту.
Сондай-ақ мамандар Telegram аккаунты бұзылған жағдайда туындауы мүмкін қауіптерге назар аударды. Алаяқтар бөтен аккаунтқа қол жеткізсе, оның атынан достарына, туыстарына және әріптестеріне хабарлама жіберіп, ақша сұрауы немесе қауіпті сілтемелер таратуы мүмкін.
Бұдан бөлек, жеке хаттарда сақталған құжаттар, фотосуреттер, электронды билеттер, мекенжайлар мен басқа да құпия мәліметтер алаяқтардың қолына түсуі ықтимал. Олар мұндай ақпаратты бопсалау немесе басқа да алаяқтық әрекеттер үшін пайдалануы мүмкін.
Алайда Telegram аккаунтының бұзылуы алаяқтарға банк қосымшаларына автоматты түрде қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен жеке мәліметтерді пайдаланып, қаржылық алаяқтық жасау қаупі бар.
Сондықтан iPhone қолданушыларына операциялық жүйені жаңартып, аккаунттың қауіпсіздік баптауларын тексеру ұсынылады.
Соңғы жаңалықтар