«Таныстарым бар» деп 7 млн теңге сұраған заңгер сотталды

«Таныстарым бар» деп 7 млн теңге сұраған заңгер сотталды
Фото: Inform.kz

Астанада өз қорғауындағы әйелден 7 миллион теңге талап еткен заңгер сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол клиентіне мемлекеттік органдарда таныстары бар екенін айтып, қамау шарасын үйқамаққа ауыстырып беруге уәде еткен. Алайда әйел заңсыз ұсынысқа келіспей, құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Астана прокуратурасының мәліметінше, әйел қамауға алынғаннан кейін заңгер оған көмек ұсынған. Ол мемлекеттік органдарда байланысы бар екенін айтып, тергеу барысына ықпал ете алатынын жеткізген.

Клиентін тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырып беру үшін заңгер 7 миллион теңге талап еткен. Алайда әйел оның ұсынысын қабылдамай, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабар берген.

Осыдан кейін жедел іс-шаралар жүргізіліп, заңгер ақшаны алған сәтте ұсталды.

Сот оны алаяқтыққа оқталу дерегі бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар алты жыл бойы заңгерлік қызметпен айналысуына тыйым салынды.

Астана прокуратурасы тергеу барысына заңсыз ықпал етуге тырысудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу