Маңғыстауда екі адамды толқын ашық теңізге алып кеткен

Маңғыстауда екі адамды толқын ашық теңізге алып кеткен
Видеодан кадр

Маңғыстау облысында үрлемелі қайықпен теңізге шыққан екі адамды толқын ашық теңізге алып кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Құтқарушылар оларды жағаға аман-есен жеткізгенімен, қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салды.

Оқиға Түпқараған ауданында болған. Теңіздегі толқынның күшеюіне байланысты қайықтағы екі адам жағадан алыстап, ашық теңізге қарай ағып кеткен.

Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жағадан шамамен үш шақырым қашықтықтан тапқан. Кейін оларды қауіпсіз жерге жеткізді. Абырой болғанда, екеуі де медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Алайда құтқарылған азаматтар жауапкершіліктен құтылған жоқ. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін айыппұл арқалады.

Осыған байланысты ТЖМ тұрғындарды ауа райы қолайсыз кезде теңізге шықпауға, үрлемелі қайықпен жағадан алысқа ұзамауға және міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу