Астаналықтар енді үйлерін несиеге жөндейді: елордада жаңа оператор іске қосылмақ
Астана билігі көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізудің тың тәсілін енгізгелі жатыр. Енді ескірген лифтілер мен тозған шатырды мемлекеттік оператор өз есебінен жаңартып береді, бірақ тұрғындар бұл шығынды бюджетке қайтаруға міндетті болады, деп хабарлайды Politico.kz.
Inbusiness.kz мәліметінше, қазір әкімдік арнайы қаулы жобасын дайындап қойған. Құжатқа сай, бұл шаруаны атқаратын арнайы оператор ретінде «Өркен қала» ЖШС белгіленбек. Жүйе былай жұмыс істейді: басқарма бюджеттен қаражат бөліп, мердігерлермен үшжақты келісім жасайды. Алайда, іс басталуы үшін ең әуелі тұрғындардың жалпы жиналысы өтіп, онда пәтер иелерінің кемінде үштен екісі келісімін беруі шарт.
Бөлінген қаржы тегін емес, ол – пайызсыз несие секілді. Тұрғындар қарызды қайтару мерзімін де өздері белгілейді, бұл аралық 7 жылдан 15 жылға дейін созылуы мүмкін. Төлем мөлшері әркімнің меншігіндегі пәтердің немесе коммерциялық нысанның пайдалы ауданына қарай есептеледі.
Дегенмен, жаңа ереженің ең маңызды әрі нәзік тұсы – қарызды қайтару механизмінде жатыр. Құжатта міндеттемелерді заңды түрде шегелеп қою қарастырылған. Яғни, жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы нақты адамға емес, жылжымайтын мүлікке ауырпалық ретінде тіркеледі.
Бұл дегеніміз – егер пәтер иесі үйін сатқысы келсе, «Халыққа қызмет көрсету орталығынан» анықтама алған кезде, үйдің мойнында жөндеуге қатысты қарыз бар екені бірден көрініп тұрады. Сатушы бұл берешекті толық өтемейінше, мүлікті басқа адамға рәсімдей алмайды. Егер төлем уақытылы жасалмаса, оператор сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл жүйе револьверлік қағидатпен жұмыс істемек. Тұрғындардан қайтқан ақша қазынаға емес, айналымға түсіп, келесі үйді жөндеуге жұмсалады. Осылайша, елордадағы тозығы жеткен тұрғын үй қорын біртіндеп жаңарту көзделген.
Әрине, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да назардан тыс қалмаған. Оларға жергілікті бюджеттен тұрғын үй көмегін алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Соңғы жаңалықтар