Атамбаев пен Назарбаевтың арасында не сұмдық болған?

18.11.2025 12:31 Мөлдір Талғат
Атамбаев пен Назарбаевтың арасында не сұмдық болған?
0
144
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Назарбаев пен Атамбаев

Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев арасындағы атышулы араздықтың астарында тарихи шындыққа деген көзқарас пен Кремль көсеміне қатысты тартыс жатыр, деп жазады POLITICO.KZ Ertenmedia парақшасына сілтеме жасап.

Қырғыз саясаткері әрі Атамбаевтың сенімді серігі болған Темірлан Сұлтанбековтың айтуынша, екі экс-президенттің қарым-қатынасы 2016 жылдың қыркүйегінде күрт бұзылған.

Оқиға Бішкекте өткен ТМД басшыларының саммиті мен Атамбаевтың 60-қа толған мерейтойымен тұспа-тұс келген екен. 

Сол кездегі Қырғызстан президенті мерейтойында көрші елдердің басшыларын Ата-Бейіт мемориалына алып барып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етуді жоспарлаған. Әлгі бастамаға Ресей президенті Владимир Путин әу баста құлықсыз болған көрінеді. 

1916 жылғы көтеріліске қатысты қанды қырғынға Мәскеу әлі күнге дейін ашық баға беруден тартынатын.

«1916 жылғы Үркүн қырғыны қазақ-қырғызға ортақ трагедия. 200 мың адам қырылып, жарты миллион халық Қытайға босып кетті. Атамбаев осы қанды оқиғаға әділ баға беру туралы жарлық шығарды. Кремльдің қабағына қараған жоқ...», – дейді Сұлтанбеков.

Әрі ойланып, бері ойланған Путин шараға баруға оқталған тұста, оған Назарбаев бөгет жасап, Кремль көсеміне бұл рәсімді «антиресейлік акция» деп жеткізген.

«Қазақстанда мұндай іс-шараны Ресейге деген сыйластықтан өткізген жоқпыз. Егер сен Ата-Бейітке барсаң, қазақтар мұны түсінбейді, себебі біз мұндай жарлық шығарған жоқпыз. Атамбаев нағыз ұлтшыл, ұлт араздығын қоздырып отыр», – деген екен экс-елбасы.

Сұлтанбековтың айтуынша Назарбаев мұның бәрін Атамбаевтың көзінше айтқан. Мұны естіген қырғыз басшысының ашуы терісіне сыймай, «арс..» ете қалған.

«Мұндай мемориал орнатқың келсе, кім қолыңды қақты? Сенің жасыңдағы адам Құдайдан қорқуы керек», – деп тойтарып тастапты Атамбаев.

Ақырында, екі президенттің салғыласқан сәтін сырттай бақылап тұрған Путин аз-кем ойланып, Атамбаевтың соңынан ілесіпті.

«Осы арқылы Путин өзінің парасатын көрсетті. Назарбаев әлгі жерден кілт бұрылып, әуежайға кетіп қалды. Путин болса, Ата-Бейітке барып гүл шоғын қойып, артынан Атамбаевтың мерейтойына қатысты. Ресей басшысы осы әрекеті арқылы талайдан бергі тарихи тақырыптың тігісін жатқызды. Сол тұстағы Қырғызстан ешкімнен кем болған жоқ. Бұл оқиғаны қайта айтуға Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы себеп болды», – дейді Сұлтанбеков.

Міне, содан бері Назарбаев пен Атамбаев ат құйрығын үзіскен. Айтқандай, қазір Испанияда ем алып жатқан Қырғызстанның экс-президенті Садыр Жапаровты да оңдырмапты. "Әй, Садыр! Халық бәрін көріп отыр. Сен уәде еткен ешбір дүние орындалмады" дейді ол.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий