Атом энергетикасы – Қазақстанның тұрақты болашағы үшін қажеттілік

Атом энергетикасы – Қазақстанның тұрақты болашағы үшін қажеттілік
28.08.2024 19:01
0
118
Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі белсенді түрде талқылануда. Өкінішке қарай, пікірталас көбіне атом энергетикасы туралы әртүрлі үрейлер мен мифтерге толы эмоционалды көзқарасқа алмасуда. Экологиялық ұйымның басшысы ретінде мәселені практикалық тұрғыдан, объективті түрде қарастыру қажет деп санаймын. Ең алдымен, анық фактіні мойындау керек: Қазақстан елеулі энергетикалық қиындықтардың алдында тұр. Біздің экономикамыз өсуде, халық саны артуда және электр энергиясына деген қажеттілік те тұрақты өсуде. Қолданыстағы қуаттар жақын арада осы өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмайды, бұл электр энергиясының тапшылығына және соның салдарынан дамудың барлық салаларының тежелуіне әкеледі. Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің негізгі үлесін көмір электр станциялары қамтамасыз етеді. Бұл әдіс салыстырмалы түрде арзан болғанымен, экологияға орасан зор зиян келтіруде. Парниктік газдардың, күкірт пен азот оксидтерінің, сондай-ақ қатты бөлшектердің атмосфераға шығарылуы ауаның ластануына, климаттың өзгеруіне және халықтың денсаулығымен байланысты елеулі проблемаларға әкеледі. Қазақстанда қазірдің өзінде алаңдаушылық туғызатын климаттық өзгерістер байқалуда: құрғақшылық жиілеп, жерлер деградацияға ұшырап, экстремалды ауа райы құбылыстарының саны артуда. Мұның бәрі энергияның қолданыстағы көздерінен парниктік газдардың шығарылуымен байланысты. Бұл теріс әсер барған сайын күшейе түседі, сондықтан экологиялық таза технологияларға мүмкіндігінше тезірек көшу керек. Әрине, көмір генерациясына жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), мысалы, күн және жел электр станциялары балама бола алады. Алайда, экологиялық тазалығына қарамастан, ЖЭК-тің елеулі кемшілігі бар, ол  – тұрақсыздық: ауа райы жағдайларына тәуелділік электрмен жабдықтаудың сенімділігін төмендетеді. ЖЭК-тің үздіксіз жұмыс істеуі үшін генерациядағы ауытқуларды өтей алатын резервтік «теңдестіруші» қуаттар қажет. Бірақ оларды құру өте қымбат іс-шара, бұл сөзсіз электр энергиясына тарифтердің айтарлықтай өсуіне әкеледі. Бұл жағдайда АЭС салу ең оңтайлы шешім болып табылады. Даулы пікірлерге қарамастан, қазіргі заманғы атом электр станциялары жаңа қорғаныс және бақылау жүйелерімен жабдықталған жоғары технологиялық нысандар болып табылады. «Бейбіт атом» мен ядролық энергияны әскери мақсатта пайдаланудың түбегейлі айырмашылығын түсіну маңызды. Ел тұрғындары қасіретінің қайталануынан қорқатын Семей полигоны ядролық қаруды сынаумен байланысты, ал АЭС тек бейбіт және өте маңызды мақсат – электр энергиясын өндіруге арналған. Оның үстіне Қазақстанда Ақтау қаласындағы атом реакторын пайдалану тәжірибесі белгілі, ол электр энергиясын өндіріп қана қоймай, суды тұщыландыруға мүмкіндік берді. Қоғамдық талқылауларда жиі қойылған сұрақтардың бірі Балқаш көліне әсер ету ықтималы туралы болды. Қазір сарапшылар реакторларды салқындату үшін пайдаланылатын су көлге қайтарылмайтынына, бұл жылулық немесе радиоактивті ластану қаупін толығымен болдырмайтынын айтуда. Барлық технологиялық шешімдер техникалық құжаттамада нақты бекітілуі, тиісті жобалық құжаттармен расталуы және Қазақстанның қолданыстағы экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуі тиіс. Осылайша, ұзақ мерзімді экономикалық перспектива тұрғысынан АЭС Қазақстан үшін ең тиімді таңдау болып табылады. Бастапқы инвестициялардың жоғары болуына қарамастан, АЭС-те электр энергиясын өндіру құны станцияның бүкіл өмірлік циклі бойы тұрақты және болжамды болып қалады. Ең бастысы, АЭС еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның қоршаған ортасына теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді!

Рүстем ҚАБЖАНОВ,

ECOJER Қазақстандық аймақтық

экологиялық бастамалар

қауымдастығының бас директоры.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или