Атырауда мектеп дәретханасына камера қойған: 1400-ден астам баланың құқығы бұзылған

Атырауда мектеп дәретханасына камера қойған: 1400-ден астам баланың құқығы бұзылған
Фото: Politico.kz

Атырау облысында 4 мыңнан астам баланың жеке өміріне қол сұғу деректері анықталды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Ақ Жайық”-қа сілтемемен.

Прокуратура тексеру барысында оқушылардың жеке мәліметтерін ата-аналарының келісімінсіз цифрлық платформаларға енгізу және мектеп дәретханасына бейнебақылау камераларын орнату фактілерін әшкереледі.

Прокуратура мәліметінше, Махамбет ауданындағы З. Ещанов атындағы балалар өнер мектебі 400-ден астам оқушының жеке деректерін шетелдік цифрлық платформаға орналастырған.

Ал Жылыой ауданындағы №6 мектепте 2 мыңнан астам оқушының мәліметі ата-аналарының келісімінсіз сабаққа қатысуды есепке алу бағдарламасына енгізілген.

Тексеру кезінде бұдан да өрескел заңбұзушылық анықталған. Атырау қаласындағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камералары орнатылған. Соның салдарынан 1400-ден астам баланың жеке өміріне қол сұғылған. Алайда прокуратура мектептің атауын, камералардың қанша уақыт жұмыс істегенін және бейнежазбаларды кімдердің көре алғанын жарияламады.

Қадағалау органы мұндай әрекеттер балалардың психологиялық және эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Анықталған заңбұзушылықтардың барлығы бойынша прокурорлық шаралар қабылданып, балалардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Ал кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін де Атырау облысында мектеп дәретханаларына камера орнату мәселесі бірнеше рет көтерілген. 2023 жылы қаладағы №12 мектептің ерлер дәретханасына бейнебақылау құрылғысы қойылғаны белгілі болған. Сол кезде мектеп басшылығы мұны буллинг пен мүлікті бүлдірудің алдын алу қажеттілігімен түсіндірген еді.

Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылында орналасқан Ш. Т. Еркінов атындағы мектепте де осындай жағдай тіркелген. Ата-аналардың наразылығынан кейін облыстық білім басқармасы камераны алып тастау туралы шешім қабылдаған.

Қазіргі уақытта прокуратура хабарлаған соңғы оқиға қай мектепте болғаны әзірге белгісіз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу