ҰҚК ҚТЖ-ның бұрынғы басшыларының ұсталғанын растады

ҰҚК ҚТЖ-ның бұрынғы басшыларының ұсталғанын растады
Коллаж: Politico.kz

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталмай тұрып, теміржол компаниясының жүк тасымалымен айналысатын еншілес мекемесінің бұрынғы үш басшысы да қамауға алынған. Бұл редакциямыздың Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдаған сауалына берген жауабынан белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін ҰҚК редакциямызға Владимир Петров, Қайрат Қабылов және Азамат Сембайға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Енді олардың қашан және қандай күдікпен ұсталғаны мәлім болды.

«Биыл 9-10 қарашада «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры В.В. Петров, оның орынбасары Қ.М. Қабылов және атқарушы директор – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры А.К. Сембай ұсталды. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. 11 және 12 қарашада соттың санкциясымен олар екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Азамат Сембай кейін «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры қызметін атқарған. Сол кезде қор редакциямызға өз қызметкерінің қамауға алынуы бұрынғы жұмысына байланысты екенін, қазіргі қызметтік міндеттеріне қатысы жоқтығын айтқан еді.

Ал «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі жемқорлық дауының ауқымы кеңейіп келеді. 11 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қор басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті және бірқатар адамды ұстаған болатын.

Арада екі апта өтпей, тергеу «Қазатомөнеркәсіпке» де жетті. 23 қарашада компанияның жоғары лауазымды басшыларының бірі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырды делінген жемқорлық сызбасына қатысы бар деген күдікке ілінді. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (пара беру) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу