Санжар Боқаевтың 10 жылдық жазасының артында не жатыр?
Алматының Алмалы аудандық соты блогер Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оның жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға сотталса, жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді. Үкім 27 қарашада жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бір айдан астам уақытқа созылған сот процесі ашық өтті. Сот барысында Боқаевтың қаржылық операциялары, кәсіпкерлік қызметі, бұрынғы бағыныштылары және іскерлік серіктестерімен қарым-қатынасы, сондай-ақ кезінде қоғамда үлкен дау туғызған бейнероликтерінің қалай түсірілгені туралы деректер белгілі болды.
Бірінші сатыдағы соттың анықтауынша, Боқаев өзі әшкерелеген заңсыздық ретінде жұртқа көрсеткен кейбір оқиғаларды тікелей өз қатысуымен ұйымдастырған.
Боқаев, оның жиені мен мобилографы қандай жаза алды?
Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда ұсталды. Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы 16 қазанда басталды.
Іс Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша қаралды: алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру, ұрлық, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау және көрінеу жалған ақпарат тарату.
Сот Санжар Боқаевқа:
- аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін – 8 жыл;
- алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен ұрлық ұйымдастырғаны үшін – 4 жыл;
- ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырғаны үшін – 4 жыл;
- онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты Боқаев қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Сот қылмыстар жиынтығы бойынша оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ Боқаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация саласында және онлайн-платформаларда қызмет атқаруға, сұхбат беруге тыйым салынды.
Мадияр Қалменов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 6 айға сотталды. Ол да қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылды.
Ұлан Нүсіпқожа ұрлық ұйымдастырғаны, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оның бас бостандығын 2 жыл 6 айға шектеді. Сонымен қатар оған бес жыл бойы медиа және құқық қорғау қызметімен айналысуға, жария іс-шараларға қатысуға және сұхбат беруге тыйым салынды.
Боқаев пен Қалменов кінәсін мойындамады. Олардың адвокаттары соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Ал Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Боқаевтың саяси өткені және «ескі Қазақстанмен» байланысы
Санжар Боқаев блогер ретінде танылғанға дейін мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған. Саяси коммуникация және қоғамдық пікір қалыптастыру саласында жұмыс істеп, «Нұр Отан» партиясының идеологиялық жұмысына жауап берген.
Саяси мансабында Ахметжан Есімов Алматы әкімі болған тұста, сондай-ақ Дариға Назарбаева және бұрынғы саяси элитаның басқа да өкілдерімен бірге жұмыс істеген.
Оның саяси қызметі туралы материалдарда Боқаевтың Дариға Назарбаеваның жақын серіктерінің бірі болғаны айтылады. Назарбаева Сенат төрағасы қызметін атқарған кезде Боқаев оның штаттан тыс кеңесшісі болған.
Сот отырыстарының бірінде Боқаев өз қызметіне «тапсырыс берушілер» туралы айтып беретінін мәлімдеген. Алайда үкім шыққанға дейін бірде-бір адамның атын атамады. Оның бұл тақырыпқа не себепті қайта оралмағаны белгісіз.
Сонымен қатар Боқаев марқұм кәсіпкер Александр Машкевич құрған «Бастама» талдау орталығында жұмыс істеген. Онда украиналық саяси технолог Юрий Косвиннің жетекшілігімен кәсіби тәжірибе жинаған.
Яғни Боқаев әлеуметтік желіге келгенге дейін қоғамдық пікір қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін меңгерген. Кейін оның бейнероликтері көп қаралым жинап, қоғамда қызу талқылана бастады.
Автошеруге бөлінген 86,9 млн теңге және жиһаз бизнесі
Қылмыстық істің қаржыға қатысты бөлігі 2018 жылдан басталады. Ол кезде Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» компаниясының бас директорының кеңесшісі болып, компанияның ақпараттық жұмысына жетекшілік еткен.
2018 жылғы 6 тамызда Боқаев кәсіподақ комитетінің отырысында «Еуропа – Қытай» халықаралық автошеруін өткізуді ұсынған.
Оның ұсынысымен іс-шараны ұйымдастыруға екі компания тартылған. Біріншісі – жиені Мадияр Қалменовтің атына тіркелген «BM Trust» ЖШС, екіншісі – Боқаевтың танысы Жұлдыз Артықбаева басқаратын «We Can» ЖШС.
Бірінші компаниямен 47,9 млн теңгеге, екіншісімен 39 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Осылайша, бір ғана автошеруге кәсіподақтың 86,9 млн теңгесі бөлінген.
Алайда сотта жауап берген мердігерлердің басым бөлігі «We Can» компаниясымен жұмыс істегенін, ал «BM Trust» компаниясының қандай қызмет атқарғанын білмейтінін айтқан.
Кәсіподақтың ақшасы түскеннен кейін Боқаевтың жиеніне тиесілі компания жиһаз өндіруге қажетті жабдықтар сатып алып, Астанада ауданы 671 шаршы метр болатын ғимаратты жалға алған. Сондай-ақ басқа кәсіпкерлерге миллиондаған теңге аударған.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық автошеруді іс жүзінде «We Can» компаниясы ұйымдастырған. Қызмет құнын көтеріп көрсету және орындалмаған жұмыстарға ақша аудару арқылы 42,2 млн теңге жымқырылған.
Сот анықтағандай, бұл ақшаның бір бөлігі жабдық сатып алуға, ғимарат жалдауға және жиһаз өндірісін іске қосуға жұмсалған. Жиһаз сатудан шамамен 9,7 млн теңге кіріс түскен.
Сотта автошеру туралы деректі фильмге бөлінген қаражат мәселесі де қаралды.
Куәгер Жармұхамед Сұлтанов – «MLS-Group» ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы әрі директоры. Ол кезінде Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасында Боқаевтың қарамағында жұмыс істеп, кейін АҚШ-та оның іскерлік серіктесіне айналған.
Сұлтановтың сотта айтуынша, автошеру туралы деректі фильм мүлде түсірілмеген. Ал фильмге бөлінген 12,3 млн теңге оның бақылауындағы жеке кәсіпкерлік арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Боқаевтың өзіне берілген.
Бұдан бөлек, жарнама қызметі үшін түскен ақшаның бір бөлігі «Art Romance» жиһаз кәсіпорнының сайты мен бейнероликтерін жасауға жұмсалған.
Боқаев сотта жиенінің компаниясын іс жүзінде өзі басқарғанын жоққа шығармады. Ол «BM Trust» компаниясының мөрі өз кабинетінде тұрғанын, Қалменовтің тапсырмасы бойынша қолма-қол ақша шешіп отырғанын растады.
«Мен өзімді іс жүзінде осы компанияның иесі ретінде сезіндім деп айта аламын», – деді Боқаев сотта.
Ал Мадияр Қалменов компанияның тек атына ғана директор болғанын, нағашысының тапсырмаларын орындағанын және ақшаның қандай мақсатта алынғанын үнемі біле бермегенін айтты.
Жымқырылған қаражат компания қызметкерлері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмсалуы мүмкін кәсіподақ ақшасы болған.
«ҚазТрансГаздың» бұрынғы басшылары сотта не айтты?
Қылмыстық істің қаржыға қатысты эпизодтары бойынша «ҚазТрансГаздың» бұрынғы басшылары, кәсіподақ қызметкерлері, кәсіпкерлер, аудиторлар және автошеруді ұйымдастыруға тікелей қатысқан адамдар жауап берді.
«ҚазТрансГаздың» бұрынғы бас директоры Рустам Сулейманов Боқаевты қызметке Қ. Шәріпбаев тағайындағанын айтты. Сот процесі туралы материалдарда Шәріпбаев Дариға Назарбаеваның жұбайы ретінде аталады.
Сулеймановтың сөзінше, Боқаев автошеруді өз бетінше ұйымдастырған. Компания басшылығына іс-шараның қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелері туралы мәлімет бермеген.
Сулейманов келісімшарттарды көрмегенін, шығындар сметасын тексермегенін және жұмысқа тартылған компаниялардың басшыларын танымайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Боқаев өзіне іс жүзінде бағынбаған, «ҚазТрансГаздың» бұрынғы басшысы Шәріпбаевтың тапсырмаларын орындаған.
Кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова да автошеруге «BM Trust» пен «We Can» компанияларын тартуды Боқаевтың өзі ұсынғанын растады. Оның айтуынша, Мадияр Қалменов сомасы алдын ала көрсетілген дайын келісімшарттарды қол қоюға әкеліп отырған. Ал жұмыстың орындалғанын растайтын құжаттарды Маханова Боқаевтың кабинетінен алған.
«ҚазТрансГаз» баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Бексұлтан Құрманқұл мердігерлерді таңдау мен олардың қызмет құнын белгілеу мәселесі ортақ талқыға салынбағанын айтты. Ол кәсіподақ комитеті отырысының хаттамасына формалды түрде қол қойған. Мердігер компаниялар мен дайын сметаны Боқаевтың өзі ұсынған.
Кәсіподақ ревизоры Медетбек Әбдіқалықов қаржылық құжаттарды кезекті тексеру кезінде қызмет құнының көтерілгенін және мердігерлердің өзара байланысы болуы мүмкін екенін байқаған. Оның айтуынша, нарықта бәсекелестік жоғары болғанына қарамастан, келісімшарттарды үнемі бір компаниялар алып отырған.
Автошеруді ұйымдастыруға қатысқан куәгерлер «We Can» компаниясымен жұмыс істегенін айтса, «BM Trust» компаниясынан ақша алған кәсіпкерлер жиһаз өндірісіне қажетті жабдық жеткізгенін және автошеруге қатысы жоқ қызметтер көрсеткенін растады.
Сот куәгерлердің осы айғақтарын банк құжаттарымен, келісімшарттармен, шығындар сметасымен және кәсіподақ ақшасының кейінгі қозғалысы туралы мәліметтермен салыстырды.
Судьяларға сегіз рет қарсылық білдіріліп, адвокаттарға қатысты қаулы шықты
Сот талқылауы барысында дәлелдерді зерттеу мен куәгерлерден жауап алудан бөлек, қорғау тарапының көптеген өтінішхаты қаралды.
Адвокаттар судьяларға сегіз рет қарсылық білдірген. Бір жағдайда олар төрағалық етуші судьяға қатысты қарсылықты қарап жатқан судьяның өзіне де қарсылық білдіруге тырысқан.
Адвокаттардың сот залынан өз бетінше шығып кетуі, сот процесіне қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде пікір білдіруі, сондай-ақ куәгер Ақылбек Хамракуловпен соттан тыс кездесулері де талқыланды.
Сотта Боқаевтың хат алмасулары мен бағыныштыларымен телефон арқылы сөйлескен жазбалары зерттелген кезде ұзақ пікірталас туған. Атап айтқанда, блогердің гранит тақталардың ұрлануы туралы алғашқы бейнероликтің сапасына көңілі толмай, мобилографын балағаттаған аудиожазбасы тыңдалды.
Сот процесі туралы материалдарға қарағанда, жарыссөз кезінде адвокаттар айып тағылған баптарды атауда қателескен. Сондай-ақ Боқаевқа түрмеге қамауға байланысты емес жаза тағайындау, жәбірленушілермен медиациялық келісімге келу және келтірілген шығынды өтеу мәселелерін көтерген.
Соған қарамастан Боқаев пен Қалменов кінәсін мойындамай, адвокаттары ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Сотқа қатысқан адамдардың айтуынша, Боқаев қорғаушыларының жұмысына көңілі толмаған. Ол адвокаттарына бірнеше рет сыбырлап сөйлегеннен кейін қорғаушылар кезекті қарсылық білдіріп немесе үзіліс жариялауды сұраған.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша қорғаушыларға қатысты жекеше қаулы шығарылды. Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды.
Боқаевтың жеке мобилографы не айтты?
Бірнеше жыл бойы Санжар Боқаевтың әлеуметтік желіде тараған бейнероликтерін Ұлан Нүсіпқожа түсіріп, монтаждаған.
Мобилограф сотта сол бейнероликтердің қалай жасалғанын айтып берді.
Нүсіпқожаның сөзінше, Боқаев бейнероликтердің тақырыбын өзі таңдап, мәтінін дайындап, тапсырма беріп отырған. Дайын материалды әлеуметтік желіге де өзі жариялаған. Ал мобилограф негізінен түсірілім мен монтажға жауапты болған.
Қылмыстық тергеу басталған кезде, Нүсіпқожаның айтуынша, Боқаев оған тергеушінің сұрақтарына «ештеңе есімде жоқ» деп жауап беруге кеңес берген. Кейін мүлде жауап бермеуге көндірмек болған. Мобилограф тергеу кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы бейненұсқаулар алғанын да айтты.
Нүсіпқожаға заңгерлік және материалдық көмек көрсетуге, адвокаттың ақысын төлеуге, отбасына қолдау білдіруге уәде берілген. Алайда бірнеше айдан кейін көмек тоқтаған. Бұл Боқаев пен мобилограф арасындағы келіспеушіліктің бір себебіне айналған.
Сот процесі туралы материалдарда Боқаев жалдаған адвокаттардың Нүсіпқожа мен оның жұмыссыз жүрген жұбайынан ақша талап еткені, сонымен қатар бұрынғы басшысына қарсы айғақ бермеуге шақырғаны айтылады.
Ақырында Нүсіпқожа тергеу мен сотқа бейнероликтердің қалай түсірілгенін егжей-тегжейлі айтып беруге шешім қабылдаған.
Оның айғақтарынан кейін гранит тақталардың ұрлануы туралы бейнероликтің екі рет түсірілгені, жұмысшыларға ақша берілгені және Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуі туралы видеоның қалай жасалғаны белгілі болды.
Сот жарыссөзінде Нүсіпқожа кінәсін мойындап, өзгенің тапсырмаларын салдарын ойламай орындағанына өкінетінін айтты.
«Мен өз әрекеттерім үшін жауап беруге міндетті екенімді түсіндім, бірақ басқа біреуді қорғау үшін шындықты жасыруға міндетті емеспін», – деді ол сотта.
Нүсіпқожаның адвокаты Мәди Әуекенов соттан техникалық жұмысты атқарған адам мен бейнероликтің мазмұнын анықтап, тапсырма беріп, оны жариялау туралы шешім қабылдаған адамның жауапкершілігін ажыратып қарауды сұрады.
Нәтижесінде үш сотталушының ішінде тек Нүсіпқожаға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалды.
Гранит тақталардың ұрлануы: әшкерелеу видеосы қалай түсірілген?
2025 жылы Санжар Боқаевтың Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы гранит тақталардың ұрлануы туралы бейнеролигі қоғамда үлкен дау туғызған.
Блогер видеода мемлекетке тиесілі құрылыс материалдарының заңсыз тасымалданып жатқанын айтқан. Алайда сот барысында Боқаевтың өзі гранит тақталарды сатып алуға ақша беріп, оларды тасымалдауды ұйымдастыруға қатысқаны белгілі болды.
Соттың анықтауынша, 2025 жылдың қыркүйегінде Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожа қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысаннан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаның ұрлануын ұйымдастырған.
Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақыға тақталарды құлпытас жасайтын шеберхананың жанына жеткізген. Кейін Боқаев оқиғаның бейнежазбасын Instagram парақшасында жариялап, оны өзі анықтаған ұрлық ретінде көрсеткен.
Соттың мәліметінше, Боқаевтың ұрлықты ұйымдастырғаны оның телефонынан табылған хат алмасулар арқылы анықталған.
Сотта бейнероликтің екі рет түсірілгені де белгілі болды. Нүсіпқожаның айтуынша, алғашқы түсірілімнің нәтижесі Боқаевқа ұнамай, құрылыс материалдарын қайта сатып алып, тасымалдауға тура келген.
Боқаевтың өзі де алғашқы бейнероликтің сапасына көңілі толмағандықтан, гранит тақталарды сатып алуға екі рет ақша бергенін растады.
Құрылыс алаңының жұмысшысы Жанболат Жанатаев мемлекетке тиесілі гранит тақталарды Ақылбек Хамракуловқа заңсыз сатқанын айтты. Екі партия құрылыс материалы үшін шамамен 200 мың теңге алған. Жанатаев бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Кран-манипулятор жүргізушісі Сұлтанов та Хамракуловтың тапсырмасымен гранит тақталарды екі рет тасымалдағанын растады. Екінші рет тақталарды жеткізген кезде оқиға орнына камера ұстаған Боқаев келген.
Ал құлпытас жасайтын шеберхананың иесі тақталардың әкелінгенін Боқаевтың бейнеролигінен ғана білгенін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, жеткізілген гранит тақталар ескерткіш жасауға жарамсыз болған.
Сотта Боқаевтың Нүсіпқожамен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбалары және Хамракуловпен хат алмасулары зерттелді. Олардың мазмұнына қарағанда, Боқаев тақталарды құлпытас жасайтын шеберхананың жанына апарып қоюды тапсырған.
Алғашқы түсірілім кезінде жұмысшылар тақталарды жол бойына қалдырып кеткен. Бұған ашуланған Боқаев мобилографын телефон арқылы балағаттаған.
Аудиожазбалар мен хат алмасулар жарияланғанға дейін Боқаев өзінің кінәсіз екенін айтып келген. Кейін ол бұл әрекетін «бақылау мақсатындағы сатып алу» деп түсіндіріп, мемлекеттік құрылыс материалдарының ұрлануына қоғамның назарын аударғысы келгенін мәлімдеді.
Алайда жарияланған бейнероликте бақылау мақсатында сатып алу жүргізілгені айтылмаған. Боқаев гранит тақталар тиелген көліктің соңынан жүріп, мемлекет мүлкінің ұрланып жатқанын хабарлаған. Тақталарды сатып алуға өзі ақша бергенін және түсірілімді ұйымдастыруға қатысқанын көрсетпеген.
Бірінші сатыдағы сот бұл әрекетті алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен ұрлық ұйымдастыру деп таныды.
Баум тоғайындағы ағаштар: миллиондаған қаралым жинаған видеоның тарихы
Қылмыстық істің тағы бір эпизоды Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуіне қатысты болды.
2025 жылдың қазанында Боқаевтың осы оқиға туралы бейнеролигі миллиондаған қаралым жинаған. Блогер ағаштардың кесілуін құрылыс компаниясының қызметімен және тұрғын үй салуға жер дайындау жұмыстарымен байланыстырған.
Алайда сот ағаштардың кесілуін ұйымдастыруға Боқаев пен оның мобилографының қатысы бар екенін анықтады.
2025 жылғы 24 қазанда қоғам белсенділері Боқаевты Баум тоғайындағы кездесуге шақырған.
Нүсіпқожаның сотта айтуынша, келесі түні ол Боқаевты мейрамханадан алып шыққан. Сол кезде блогер екінші телефонынан оған жергілікті тұрғын жібергендей етіп, тоғайда ағаштардың кесіліп жатқаны туралы хабарлама жолдаған.
Оқиға орнында оларды Ақылбек Хамракулов күтіп тұрған. Нүсіпқожа Боқаевтан алған ақшаны соған берген.
Сотта зерттелген материалдарға сәйкес, Боқаевтың тапсырмасымен Хамракулов екі жұмысшы жалдап, ағаштарды түнде кестіруді ұйымдастырған.
Ағаштар кесілген жер тоғайдың тереңінде орналасқан. Орманшының айтуынша, нақты орнын білмейтін адамның ол жерді табуы қиын. Көлік кіретін жол да жоқ, құрылыс жүргізуге де мүмкіндік болмаған.
Алайда Нүсіпқожаның айғақтарына қарағанда, Боқаев түн ішінде ағаштар кесілген жерді бірден тауып, түсірілім жасаған.
26 қазанда Боқаев тоғайға қайта келіп, қоғам белсенділерін ағаштар кесілген жерге бастап барған. Түсірілімнен кейін мобилографына басқа авторлардан бұрын жариялап үлгеру үшін бейнероликті тез монтаждауды тапсырған.
«Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры әрі бас орманшысы Ұзақ Мықытановтың мәліметінше, бес ағаш кесіліп, тағы 11 ағаш зақымданған.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі зардап шеккен ағаштардың жасы 21 мен 150 жыл аралығында болғанын хабарлады. Келтірілген шығын 213 мың теңгені құраған.
Сот ағаштардың Боқаевтың тапсырмасымен кесілгенін, кейін оның мобилографымен бірге оқиға орнына келіп, бейнеролик түсіргенін анықтады.
Ал блогер видеода айтқан тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандарды тоғай аумағында салу жоспарланбаған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты абаттандыру жобасында жүгіру жолдарын төсеу, жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камераларын орнату көзделген.
Екі жаяу жүргінші өткеліне 1 млрд, жарықтандыруға 12 млрд теңге: құжаттар не көрсетті?
Қылмыстық істің тағы бір бөлігі Алматыны абаттандыруға бөлінген бюджет қаражаты туралы ақпарат таратуға қатысты болды.
Боқаев өз бейнероликтерінде «Атакентті» қайта жаңғыртуға, жаяу жүргінші өткелдерін жөндеуге және Баум тоғайын абаттандыруға миллиардтаған теңге негізсіз жұмсалып жатқанын мәлімдеген.
Алайда сотта куәгерлер блогер жариялаған ақпараттан өзгеше мәліметтер мен құжаттарды ұсынды.
Мәселен, Боқаев бейнероликтерінің бірінде небәрі екі жаяу жүргінші өткелін жөндеуге 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтқан.
Ал Алматының Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ринат Сейдраманов бұл қаражат екі емес, 10 нысанды күрделі жөндеуге бөлінгенін растайтын құжаттарды сотқа ұсынды.
«Атакент» көрме кешенін қайта жаңғыртуға қатысты да осындай жағдай анықталды. Боқаевтың бейнеролигінен мемлекет жеке меншіктегі аумақтың жарықтандыру жүйесін ауыстыруға шамамен 12 млрд теңге жұмсамақ деген түсінік қалыптасқан.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Батырхан Сүлейменов аталған аумақтың 2018 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.
Жоба тек жарықтандыру жүйесін ауыстыруды емес, субұрқақтарды қайта жаңғыртуды, су қоймаларын салуды, автоматты суару жүйесін орнатуды және 63 мың жасыл желек отырғызуды қамтыған.
Сотта Боқаевқа мемлекеттік сатып алу порталынан ақпарат беріп отырған танысы Бибек Жүнісов те жауап берді. Оның айтуынша, Боқаев жобаның мазмұнын білген. Алайда бейнероликте ақпарат бюджет қаражатының неге жұмсалатыны туралы көрерменде қате түсінік қалыптасатындай берілген.
Соттың баспасөз қызметі «Атакентті» кешенді түрде қайта жаңғыртуға арналған 10 млрд теңгеден астам қаражат блогердің жарияланымында тек көшені жарықтандыруға бөлінген ақша ретінде көрсетілгенін хабарлады.
Сот жарияланған мәліметтерді мемлекеттік сатып алу порталының деректерімен, жобалық және конкурстық құжаттармен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен салыстырған.
Сонымен қатар Боқаевтың бес бейнеролигіне жүргізілген сараптама барысында аудиторияны ақпарат арқылы манипуляциялау белгілері анықталған.
Сот Боқаевтың мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқарғанын, мемлекеттік сатып алу тәртібін білетінін де ескерді. Оның телефонынан жөнделетін нысандардың саны мен жобада көзделген жұмыстар көрсетілген құжаттар табылған.
Осы эпизод бойынша Боқаев пен Нүсіпқожа алдын ала сөз байласып, онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды.
Ақылбек Хамракуловтың рөлі: ақша аударымдары және адвокаттармен кездесу
Гранит тақталардың ұрлануы мен Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қатысты сотта Ақылбек Хамракуловтың есімі бірнеше рет аталды.
Хамракулов бұған дейін ағаштарды заңсыз кескені үшін сотталған. Алайда ол Боқаевтың ісі бойынша ұзақ уақыт сот отырыстарына келмеген.
12 қарашада сот оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарды. Бірақ полиция қызметкерлері куәгердің жүрген жерін анықтай алмаған.
19 қарашада Хамракулов сот ғимаратына өз еркімен келді. Кейін прокуратура оның Боқаевтың туыстарымен және сотталушылардың адвокаттарымен дәмханада кездескенін көрсететін бейнежазбаларды ұсынды.
Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, кездесуге қатысқандар шамамен бір сағат бойы Хамракуловпен оның сотта не айтуы керектігін талқылаған. Кездесуден кейін Боқаевтың әпкесі Хамракуловқа өз үйіне дейін такси шақырып берген.
Прокуратура бұл жағдайды куәгерді полициядан әдейі жасыру, қорғау тарабына тиімді айғақ беруге дайындау және оған ақша беру әрекеттерінің ықтимал дәлелі ретінде қарастырды.
Сотта Хамракуловтың мүддесін бұрын қорғаған адвокат Д. Ахметовпен Боқаевтың хат алмасулары да зерттелді.
Сот процесі туралы материалдарда Боқаевтың Хамракуловқа қатысты қылмыстық іске қоғам назарын аудармауды сұрағаны, оған шартты жаза тағайындау мүмкіндігін талқылағаны және адвокат арқылы ірі көлемде ақша аударғаны айтылады.
Прокуратураның нұсқасына сәйкес, ақша аударымдарымен бірге Хамракуловқа Боқаевтың өзіне қарсы айғақ бермеу туралы нұсқау берілген.
Дегенмен үкім жарияланғаннан кейін сот таратқан мәліметте куәгерді сатып алу немесе жасыру фактісі бойынша жеке қорытынды келтірілмеген.
Прокуратура Боқаевты 12 жылға соттауды сұраған
2026 жылғы 26 қарашада, үкім жарияланардан бір күн бұрын сотта тараптардың жарыссөзі өтті.
Мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева қылмыстық істің бес эпизоды бойынша прокуратураның қорытынды ұстанымын таныстырды.
Прокуратура сотта зерттелген куәгерлер мен сотталушылардың айғақтары, банк құжаттары, хат алмасулар, аудиожазбалар және сараптама қорытындылары үш сотталушыны да кінәлі деп тануға жеткілікті деп есептеді.
Мемлекеттік айыптаушы Боқаевқа алаяқтық үшін 10 жыл, ұрлық пен ағаштарды заңсыз кесу бойынша 5 жылдан, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп танып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатуды ұсынды.
Прокуратура қылмыстар жиынтығы бойынша Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығын пробациялық бақылау белгілей отырып, 2 жыл 6 айға шектеуді ұсынды.
Нәтижесінде сот Боқаевқа прокуратура сұраған мерзімнен екі жыл, Қалменовке алты ай аз жаза тағайындады. Нүсіпқожаға тағайындалған жаза прокуратураның ұсынысымен сәйкес келді.
Боқаев пен оның жиені қанша ақша төлеуге міндеттелді?
Сот Санжар Боқаев пен Мадияр Қалменовтен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының пайдасына ортақ тәртіппен 42 177 137 теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар сот екі жекеше қаулы шығарды.
Біріншісі қорғаушы адвокаттардың әрекетіне қатысты. Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды.
Екінші қаулы QazaqGaz ұлттық компаниясына жолданды. Сот кәсіподақ қаражатының жұмсалуына тиісті бақылау жасалмауы ақшаның жымқырылуына жол бергенін көрсетті.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар