Атырауда мұнай компаниясына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды
Атырау облысында «ЖАН и КС» мұнай компаниясына бұрғылау қалдықтарын заңсыз жинағаны үшін 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 490 млн теңгеден астамы өндіріліп, облыс бюджетіне аударылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, табиғат қорғау прокурорлары компанияның ұңғымаларды бұрғылау кезінде пайда болған қалдықтар мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинағанын анықтаған.
Компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 6-бөлігі («Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу») бойынша жауапқа тартылды. Айыппұлға қатысты соттарға шағымданғанымен, шағымдары қанағаттандырылмай, қаулы заңды күшіне енді.
Қазір сот орындаушылары айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп жатыр. Берешектің қалған бөлігін өндіру прокуратураның бақылауында.
Прокуратураның мәліметінше, бұрын экологиялық айыппұлдардан түскен қаражат республикалық бюджетке аударылатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді бұл қаражат облыс бюджетінде қалады.
Соңғы жаңалықтар