Бір видеоның дауы: Жаңаөзенде мұғалім мен директор соттасып жатыр
Жаңаөзенде №15 мектептің бұрынғы мұғалімі Зағипа Ерсайынқызы директордың қысымынан жұмыстан кеткенін, кейін оны қайта жұмысқа алуға уәде берген мектеп басшысының полицияға арызданғанын айтты. Директор мұғалімнің өз еркімен жұмыстан шыққанын алға тартып отыр, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Зағипа Ерсайынқызы аталған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған. Айтуынша, жұмыстан кеткеніне бір жыл болғанда бұрынғы директорын мектепке жаңадан қабылданған әйелмен бірге көлікте отырған жерінен видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаны әлеуметтік желіге жариялаған соң дау ушыққан.
Мұғалімнің сөзінше, директор видеоны өшірсе, оны бұрынғы жұмысына қайта қабылдауға уәде берген. Алайда жазбаны алып тастағаннан кейін сөзінен айнып, полицияға арызданған.
«Қазір үстімнен шағым жазған, бопсалады деген. Кеше арыздарымен таныстым, көбісі өтірік мәліметтерді жазып берген. Оған қоса өзінің келіншегін де арызға қосқан. “Сен әлеуметтік желіде видеоның жалған екенін айт, менің қазір отбасым күйреп тұр, менің өмірім сенің қолыңда тұр” деген соң, солай келістік. Еркекше келісті», – дейді Зағипа Ерсайынқызы.
Ал мектеп директоры Байбол Есбосинов көңілдесін жұмысқа алды деген сөзді жоққа шығарып, мұғалімнің қызметтен өз еркімен кеткенін айтты.
«Тіпті шығып бара жатқанда айттым: “Ертең жұмыс таба алмайсың, дұрыстап ақылдастың ба?” дегенде, “Иә, ақылдастым, жолдасыммен, бәрімен ақылдастым” деді. Болды», – деді директор.
Қалалық білім бөлімі №15 мектепте бос орын болмағандықтан, мұғалімге басқа білім беру мекемелерінен жұмыс ұсынған. Алайда педагог инклюзивті білім беру және үйде оқыту секілді жауапкершілігі ауыр жұмыстарды атқаруға келіспеген.
«Зағипа Ерсайынқызы №15 мектептен орын табылғанша, басқа білім беру ұйымдарынан біз жұмыс ұсынып отырмыз. Зағипа Ерсайынқызы өзі қарсы болып отыр. Тек мен сол №15 орта мектепке өз орныма қабылданамын деп отыр», – деді Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Өсербай Табыншаев.
Білім бөлімінің басшысы видеодағы әйелдің директордың орынбасары емес, қосалқы қызметкер ретінде жұмысқа қабылданғанын және бейнежазба тарағаннан кейін жұмыстан кеткенін айтты. Ал директор қазір еңбек демалысында. Оның мәселесі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралмақ.
Жаңаөзен соты бүгін істі әкімшілік өндірістен қылмыстық іс жүргізу тәртібіне ауыстыру туралы шешім шығарды. Енді тараптар арасындағы дау қылмыстық заң аясында қаралады.
Соңғы жаңалықтар