ЖИ, 20 жоба, маман даярлау: «Қазақмыс» геологияны дамытуда

ЖИ, 20 жоба, маман даярлау: «Қазақмыс» геологияны дамытуда
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

«Қазақмыс» корпорациясы жаңа кен қорларын іздеу және геологиялық барлау жұмыстарының дәлдігін арттыру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. Биыл «Kazakhmys Barlau» ЖШС жалпы құны $18,2 млн болатын 20 геологиялық барлау жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмыстар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында айтылған геология саласын жаңғырту, жер қойнауын зерттеудің заманауи технологияларын енгізу және геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру міндеттерімен үндеседі.

Компания бұрғылау кезінде алынған тау жыныстарының үлгілерін зерттеуден бастап, кен орындарының үш өлшемді моделін жасауға дейінгі жұмыстарды цифрландырып жатыр. Қазір 50 техника онлайн бақылау жүйесімен жабдықталған. Шалғайдағы барлау учаскелерінде Starlink спутниктік байланысы, ал Жезқазғандағы Геологиялық кластерде ANCORELOG және LithoLens жасанды интеллект жүйелері қолданылады.

Биыл кен орындарының үш өлшемді моделін жасауға арналған Micromine бағдарламасын пайдалану аясы да кеңейтіле бастады. Micromine Origin & Beyond бағдарламасымен жұмыс істеуге шамамен 400 маманды оқыту жоспарланған. Сала мамандары үшін Micromine Advance бағдарламасы бойынша тереңдетілген оқу курсы қарастырылған. Сонымен қатар геологиялық деректерді бір жерде сақтап, талдауға мүмкіндік беретін Geobank жүйесі енгізіліп жатыр.

Кен орындарындағы барлау жұмыстары

2026 жылдың алғашқы 10 айында «Қазақмыс Барлау» ЖШС мен корпорацияның геологиялық барлау басқармасына қарасты қызмет жалпы ұзындығы 71,7 мың метр бұрғылау жұмысын жүргізіп, жоспарды орындады.

Жезқазған кен орнында №114 келісімшарт аясында жалпы ұзындығы 4 750 метр болатын жеті ұңғыма бұрғыланды. Жер қойнауының терең қабаттарын зерттеу үшін жалпы тереңдігі 3 500 метрден асатын тағы төрт ұңғыма қазылды. Жезқазған-Жыланды кенді ауданында мыс қоры болуы мүмкін жаңа аумақтарды анықтау үшін жалпы ұзындығы 1 600 метрден асатын үш ұңғыма бұрғыланды.

Жомарт кенішінде кен денелерінің шекарасын нақтылау және қорын ұлғайту үшін 2 мың метрден астам бұрғылау жұмысы жүргізілді. Абыз кенішінде және оған іргелес аумақтарда жаңа кен қорларын іздеу, жер қойнауының терең қабаттарын зерттеу мақсатында 3 300 метрден астам жер бұрғыланды.

Нұрқазған кенішінде Солтүстік және Шығыс Нұрқазғанның терең қабаттарындағы кендердің өзара байланысын анықтау үшін жалпы тереңдігі 2 300 метр болатын екі ұңғыма қазылды. Қажықонған кенді алаңында қосымша кен қорларын іздеу үшін шамамен 900 метр бұрғылау жұмысы жүргізілді.

Жер үстінен бұрғылау жұмыстары Жезқазған, Қарағанды, Балқаш және Шатыркөл алаңдарында да атқарылды.

Барлау кезінде алынған тау жыныстарының үлгілерін сақтау, зерттеу, геологиялық деректерді талдау және цифрлық модель жасау жұмыстары Жезқазғандағы Геологиялық кластерде шоғырланған. Мұнда мамандар өндірістік тәжірибесін ғылыми зерттеулермен ұштастырып, біліктілігін арттыра алады.

Жаңа мамандар даярлау

«Қазақмыс» Ұлытау университетімен бірлесіп, өңірдегі геология және металлургия кәсіпорындарына қажетті инженерлік-техникалық мамандарды даярлап жатыр.

2026 жылғы қыркүйекте университетке алғашқы лекпен 163 студент қабылданды. Олардың 103-і – «Қазақмыс» жұмыскерлері. Соның ішінде 52 маман екінші жоғары білім алып жатса, 51-і – корпорацияның Технологиялық колледжінің түлектері.

Серіктестік аясында студенттердің өндірістік тәжірибесін кеңейту, компания мамандарын сабақ беруге тарту және оқу бағдарламасына кәсіпорындарда кездесетін нақты өндірістік міндеттерді енгізу көзделген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу