«Қазгидромет» Ташкенттегі ауаның ластануына Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды

«Қазгидромет» Ташкенттегі ауаның ластануына Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды
Фото: Freepik

«Қазгидромет» РМК Өзбекстан бұқаралық ақпарат құралдарында тараған Ташкент қаласына шаңды ауа массалары Қазақстан аумағынан келді деген мәліметке ресми жауап берді. Синоптикалық талдау нәтижелері көрші ел астанасындағы ауа сапасының нашарлауына Қазақстан аумағының қатысы жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz сайты Today.info сайтына сілтеп.

Мамандар 2026 жылғы 15–22 қараша аралығында Ташкент, Сарыағаш және Шымкент аудандарындағы синоптикалық жағдайға және ауа массаларының кері траекториясына кешенді талдау жүргізді.

Қарастырылып отырған кезеңде Ташкент маңында әлсіз барикалық өріс пен жерге жақын желдің бәсеңдеуі байқалған. Атмосфераның төменгі қабаттарында Иран, Қызылқұм және Өзбекстанның оңтүстік-батыс аудандары тарапынан соққан оңтүстік-батыс ауа ағындары басым болған.

Кері траекторияларды есептеу Қазақстаннан Ташкентке ауа массаларының тікелей тасымалданғанын растамады.

Бұған дейінгі метеорологиялық талдау Сарыағаш ауданынан Ташкент бағытына тұрақты ауа ағынының жоқтығын көрсеткен. Батыс және оңтүстік-батыс ағындары 35–71% құраса, солтүстік тасымалдаудың (Сарыағаштан оңтүстікке қарай) қайталануы небәрі 3–5% деңгейінде ғана.

«Өзгидромет» бюллетенінің деректеріне сәйкес, 20 қарашада PM-10 бөлшектерінің концентрациясы Бұхарада 291,9 мкг/м³, Науаида — 272,2, Жызақта — 181,0, Самарқандта — 170,1 мкг/м³-ке жетсе, Ташкентте бұл көрсеткіш 23,9–75,4 мкг/м³ аралығында болған.

Шекара маңындағы мониторинг станцияларында тіркелген PM-10 және PM-2.5 концентрациялары ластаушы заттардың географиялық шығу тегін дәлелдеуге жеткіліксіз. Ташкенттегі ластану көзі Қазақстан аумағы екені ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Ташкент ауасының сапасына қаланың өз ішіндегі көздер — автокөлік, жылыту жүйелері, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстары және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар айтарлықтай әсер етеді.

Аталған қорытындылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Росгидромет» (Ресей Федерациясы) және «Белгидромет» (Беларусь Республикасы) сарапшыларының ресми шешімдерімен расталған.

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу