Сотталған полковник Тоқаевқа ІІМ-дегі қысым туралы айтты (ВИДЕО)

Сотталған полковник Тоқаевқа ІІМ-дегі қысым туралы айтты (ВИДЕО)
Фото: Бейнеден кадр

Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы, полиция полковнигі Данияр Мейірхан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ол министрлік басшылығын қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыптап, өзіне қатысты істің әдейі ұйымдастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мейірханның үндеуі 19 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, 6,5 млн теңгедей айыппұл салғаннан кейін YouTube желісінде жарияланды.

«Құрметті Президент мырза, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен ұзақ уақыт үнсіз жүрдім, қызметтік әдеп пен офицерлік абыройды сақтадым. Енді ашық айтуға мәжбүрмін. Өйткені үнсіздік заң бұзғандардың пайдасына жарайды екен. Сіз еліміз үшін көп жұмыс атқарып жатырсыз. Бірақ сіз ұсынған “Заң мен тәртіп” қағидатын сенім артқан адамдарыңыздың бәрі бірдей ұстанбайды. Кейде бұл қағидат жұмыс істемейді. Мұны қызметтік тартыстар мен сот дауына тап болғанда өз басымнан өткердім.

Мен көмек сұрамаймын. Бірақ Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен сот төрелігінің қағидаттары елімізде кейде сақталмайтынын білгеніңізді қалаймын. ІІМ қызметкерлері тәртіпті қамтамасыз етудің орнына кейде деректерді бұрмалаумен айналысады. Заң бұзуға қатысудан бас тартқан кезде Ішкі істер министрлігінің қысымына ұшырадым», – деді Мейірхан.

Полковник үндеуінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал Бауыржан Әленовтің әрекетіне және оның қызметтік байланыстарына қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.

«Заң алдында бәрі тең болса, министрдің бірінші орынбасары неге, менің пікірімше, қызметтік өкілетін асыра пайдалану белгілері бар әрекеттері үшін жауап бермейді? Неге шетелдік іссапарлардың шығынын өз қалтамнан төлеуге тиіс болдым? Неге министрдің бірінші орынбасары, генерал Әленовтің де іссапар шығынын мен төлеуге тиіс болдым? Неге ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті мен арнаулы органдар осы деректерге, сондай-ақ ұсынылған қаржылық құжаттарға ешқандай шара қолданбайды?

Иә, оның өте ықпалды қамқоршылары барын білемін. Сіздің жақын ортаңыздағы адамдармен тығыз байланыста деген сөз бар. Бәлкім, бұл оған қызметтік жағдайын пайдалануға мүмкіндік беретін шығар. Олай болса, елімізде “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы жұмыс істемейді. Азаматтар тіпті соттан да әділдік күте алмайды», – деді полковник.

Мейірхан өзіне тағылған айыпты қызметімен байланыстырып, сотта ұсынылған дәлелдеріне қатысты да пікір білдірді.

«Мемлекет мүддесі үшін өз ұстанымынан таймай еңбек еткен адамдардың қалайша жақпай қалып, оларға қарсы жалған іс қозғалатынын білгеніңізді қалаймын. Мені есірткі қылмысына қатысы бар деп айыптай алмады. Бірақ сондай әрекет жасағанын білемін. Сондықтан менімен есеп айырысудың бұдан да арам, арсыз тәсілін таңдап, қарамағымдағы қызметкерге жыныстық сипатта қысым көрсетті деп айыптады.

Бұл айыптың негізсіз екенін мәлімдеймін. Сотта жалған айғақтар айтылып, әр айыпқа қатысты ұсынған дәлелдерім ескерілмей жатқанын білгеніңізді қалаймын. Тіпті ұялы байланыс деректері бойынша шағымданушымен бір жерде болмағанбыз, бірақ сот бұған назар аудармады», – деді Мейірхан.

Бұрынғы комитет төрағасы істі қараған судьяның бейтараптығына да күмән келтірді.

«Меніңше, ісім бойынша шешім алдын ала қабылданған. Судьяға нұсқау берілген және ол соны орындаған деп ойлаймын. Мұның артында менің басшылығым мен соттағы жоғары лауазымды тұлғалар тұрған сияқты. Ал сот шешімдері азаматтардың күмәнін тудырмауы керек. Сол сияқты мемлекеттік органдардың әрекеті де заңды сақтауға және тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», – деді ол.

Мейірхан 2025 жылғы қыркүйекте өзі басқарған комитеттің жұмысына тоқталып, ішкі істер министрін есірткі қылмысына қарсы күреске жеткілікті көңіл бөлмеді деп сынады.

«Сіз үнемі есірткі қылмысына қарсы күрес туралы айтып, осы бағыттағы шараларды күшейтуді талап етесіз. Ендеше, осы комитетке жауапты ішкі істер министрі неге оның жұмысын екінші кезекке ысырып қойды? Сонда есірткі қылмысына қарсы күрес сіз бен маған ғана керек болғаны ма?» – деді полковник.

Үндеуінің соңында Мейірхан өзіне қарсы науқанға блогерлердің де тартылғанын мәлімдеп, елдегі есірткі бизнесінің ауқымы туралы айтты.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен заңсыз сот үкімінен қорықпаймын. Өйткені өз ұстанымымнан таймай жұмыс істегенім үшін менімен осылай есеп айырысып жатқанын білемін. Бұл адамдар қызметтік жағдайын пайдаланып, осы іске бұрын сотталған және іздеуде жүрген блогерлерді тартып отыр.

Мойындаймын, есірткі бизнесіне қарсы күресті тым белсенді бастадым. Бұл біреулерге қатты ұнамады. Алайда әр грамм есірткінің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Есірткі бизнесінің нақты ауқымы көпшілік ойлағаннан әлдеқайда үлкен екенін есте ұстаған жөн», – деді Мейірхан.

Мейірханға қатысты сот ісі

Еске салайық, 19 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Данияр Мейірханды Қылмыстық кодекстің 123-бабының 1-бөлігі («жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу») бойынша кінәлі деп танып, 1 500 айлық есептік көрсеткіш (6 487 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Оқиға 2026 жылғы сәуірде жұртқа белгілі болды. Сол кезде әлеуметтік желіде Мейірханның үстінен қызметкерлері шағымданғаны туралы ақпарат тарады. Жарияланым авторлары полковниктің қызметтік өкілетін теріс пайдаланған және қарамағындағы қызметкерге жыныстық сипатта қысым көрсеткен деген күдікке ілінгенін жазды. Сондай-ақ қарамағындағы 20 қызметкердің ұжымдық арыз жазғаны хабарланды.

ІІМ қызметкерлерден арыз түскенін растады. 8 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сотқа дейінгі процестік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Тексеру кезінде Мейірхан қызметінен шеттетілді.

Мамырда ІІМ Мейірханға қатысты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) бойынша қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. Сол кезде Әділов сотта жеке айыптау ісі қаралып жатқанын айтқан.

Данияр Мейірхан кім?

Полиция полковнигі Данияр Мейірхан 2012–2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының полиция органдарында түрлі қызмет атқарған. 2023–2024 жылдары ІІМ-нің Қостанай академиясында бөлім бастығынан академия бастығының орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарған.

2024 жылғы қыркүйекте ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалып, сол жылдың желтоқсанында төраға міндетін атқаруға кіріскен. 2025 жылғы қыркүйекте комитет төрағасы болып тағайындалған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу