Атыраудағы жоғалған отбасы: туыстары жантүршігерлік жайттарды айтты
25 желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының жоғалып кеткені белгілі болды. Іс бойынша мән-жайды анықтау үшін Tengrinews.kz тілшісі жоғалғандардың туысымен сөйлескен еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмдардың туысы Әсел Мұқанғалиеваның айтуынша, ол нағашы ағасымен соңғы рет 2025 жылдың қазан айында хабарласқан. Ерлі-зайыпты үш баланы тәрбиелеп өсірген: екі қыз, бір ұл. Кенже қыз күйеуімен бірге көршілес Махамбет ауылында тұрған.
Отбасы зейнетақымен күн көріп, мал шаруашылығымен айналысқан.
«Нағашы ағам мен жеңгем өте қарапайым, мейірімді адамдар еді. Үшінші топтағы мүгедек ретінде зейнетке шыққан, ешкімге жамандық жасамаған. Олардың жауы болған емес», – дейді туысы.
Туыстарының айтуынша, қайғылы жағдай кенже қыз бен күйеу баланың ата-анасына келуінен кейін орын алуы мүмкін. Ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, дәл сол күйеу бала – жоғалғандарды соңғы көрген адам.
«Ауылдастар күйеу баланың ағам мен жеңгемді таксиге отырғызып алып кеткенін көрген. Сондықтан біз оны күдікті санаймыз. Ол жалғыз болмауы да мүмкін», – дейді Әсел Мұқанғалиева.
Оның айтуынша, бұған дейін ерлі-зайыпты мен күйеу бала арасында ешқандай жанжал болмаған, отбасының басқа туыстарымен де кикілжіңі тіркелмеген.
Қазіргі таңда кенже қыз бен оның күйеуінің қайда екені белгісіз. Олардың бес баласын уақытша күйеу баланың ата-анасы қарап отыр. Олар Атырауға «босанғаннан кейінгі күйзелісті емдеуге кеткен» деп айтқанымен, бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Туыстары әділ әрі жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
«Егер күйеу баланың бұл іске қатысы болмаса, ашық түрде шығып, түсініктеме берсін. Өз туысының қолынан қаза табуы мүмкін деген ойдың өзі жанға батады», – дейді марқұмдардың жақыны.
Отбасының жоғалғаны туралы полицияға 25 желтоқсанда хабар түскен. Арызда әйел өзінің ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағанын айтқан. Олар қараша айында үйден белгісіз бағытқа шығып кеткен.
Іздеуде төрт ересек адам болған: отбасы басшысы, оның жұбайы және 33 пен 35 жастағы екі баласы. Алдын ала деректер бойынша, олар елдің оңтүстік өңірлеріне кетуі мүмкін деген болжам айтылған.
Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Соңғы жаңалықтар