Дүниеге келе сала жол апатына түскен сәбиді дәрігерлер аман алып қалды
Ақмола облысында перзентханадан үйіне қайтып бара жатқанда жол апатына түскен үш күндік сәбиді дәрігерлер аман алып қалды. Ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген нәресте екі аптаға жуық ем қабылдап, 20 қарашада үйіне шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Көкшетаудағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, нәресте жол апатынан ауыр бас-ми жарақатын алған. Миына қан құйылып, ісінген, білек сүйектері сынып, кеуде қуысы жарақаттанған.
Қыз бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған күрделі ем жүргізіп, қан компоненттерін құйған. Нәрестенің жағдайын нейрохирург пен басқа да мамандар бақылаған.
Бірнеше күннен кейін сәбидің жағдайы біртіндеп тұрақталып, жансақтау бөлімінен басқа бөлімшеге ауыстырылған. 20 қарашада жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. Алда оны оңалту, қайталама тексерулер мен ұзақ қалпына келу кезеңі күтіп тұр.
Еске салайық, 7 қарашада «Астана – Петропавл» тасжолының 312-шақырымында Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктері соқтығысқан еді. Апаттан төрт ересек адам мен екі бала зардап шеккен. Сол кезде үш күндік нәрестенің жағдайы ауыр деп бағаланған.
Бір апта бұрын Politico.kz сәбидің жағдайын сұрағанда, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның жағдайында өзгеріс жоқ екенін хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар