FlyArystan жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін сотта жеңіліп қалды

FlyArystan жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін сотта жеңіліп қалды
Фото: FlyArystan

FlyArystan әуе компаниясы жолаушылардың құқығын бұзуға қатысты сотта жеңіліп қалды. Сот компанияның ішкі ережелерінде заңға қайшы талаптар бар екенін растап, оларды өзгертуді міндеттеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Тексеруге жолаушылардың бірінің шағымы негіз болған. Алматы қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, әуе компаниясының ішкі ережелерінен бірнеше заңбұзушылық анықтаған.

Атап айтқанда, FlyArystan тасымалдау шарттарын біржақты өзгерту, өз жауапкершілігін шектеу, заңсыз қосымша алымдар алу және жолаушылардың билет ақшасын қайтару құқығын шектеу талаптарын енгізген. Сондай-ақ жолаушыларға ақпарат беру және жазбаша шағым түсіру тәртібінде де заңбұзушылықтар анықталған.

Осыдан кейін министрлік әуе компаниясына заңға қайшы талаптарды алып тастап, ішкі ережелерін заңнамаға сәйкестендіру туралы нұсқама берген. Алайда FlyArystan тексеру нәтижесімен келіспей, сотқа жүгінген.

2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты компанияның талабын қанағаттандырмады. Кейін апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот министрліктің тексеру жүргізуге құқығы бар екенін және әуе компаниясына берілген нұсқаманың заңды екенін растады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу