Қостанайда мектептегі зорлық ісіне қатысты заңгер тың мәлімет айтты
Қостанай облысында мектепте 11 жастағы оқушыға жыныстық зорлық көрсетілуі мүмкін деген іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Жәбірленуші тараптың заңгері Дамир Мұраттың айтуынша, оқиғаға баланың сыныптастарының қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Еске салайық, бұған дейін ауыл мектептерінің бірінде 5-сынып оқушысы әжетханада зорланғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. Полиция осы дерек бойынша тергеу бастаған.
Заңгердің сөзінше, оқиғадан кейін балалар үйде отыр. Мектеп шағын болғандықтан, жәбірленуші оқуын жалғастырса, өзіне зорлық көрсетті делінген оқушылармен қайта кездесуге мәжбүр болуы мүмкін.
«Қазір болған оқиғаға байланысты балалар үйде отыр. Олардың оқуын қалай жалғастыратыны туралы мәселе туындады. Мектеп шағын болғандықтан, жәбірленуші өзіне қатысты осы әрекетті жасады делінген балалармен қайта кездесуге мәжбүр болады. Бұл мәселе бойынша мектеп әкімшілігі мен директорына жүгіндік, бірақ олар ешқандай шара қолданбады», – деді Ақтөбе облыстық заң консультанттары палатасының мүшесі Дамир Мұрат.
Заңгердің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі араласқаннан кейін іс алға жылжи бастаған. Ведомство жәбірленушінің отбасына көмектесіп, балаға психологиялық қолдау ұйымдастырған.
Қазір жас балаға бір топ адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жәбірленушінің анасы заңгерден көмек сұраған. Дамир Мұраттың сөзінше, істі прокуратура бақылауға алған.
Соңғы жаңалықтар